Жазғы лагерлерь қашан ашылады?

264

Шымкентте эпидемиологиялық ақуалға байланысты жазғы лагерьлер жұмысын тоқтатты. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға биыл 187 млн. теңге қаралған болатын.

Салаға жауаптылар жағдайға байланысты тамыз айында санитар-дәрігерлерге лагерьлерді ашу бойынша ұсыныс жолдап көреміз деп отыр. Балалардың жазғы каникулы қалай өтеді?

Биыл балалардың каникулы қызықсыз өткелі тұр. Шымкенттік шәкірттер жазғы лагерьден қағылуы мүмкін. Кей ата-ана бұған түсіністік танытса, енді бірі ойын балаларын үйде қалай шыдатар екенбіз деп қиналады.

Шымкентте дәл қазір эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Жергілікті халықты бір жағынан коронавирус, екінші жағынан пневмония мен ЖРВИ мазалап, әбден тығырыққа тіреді. Шіліңгір шілдеде бой көтерген қауіпті инфекция айналып келгенде балалардың жазғы каникулына да кері әсерін тигізді.

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысының айтуына қарағанда, қалыптасқан ақуалға байланысты жазғы лагерьлер жұмысын тоқтатты. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қолға алынған биылғы жоспар аяқсыз қалғалы тұр. Айта кетейік, биылғы науқанда 30 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс орындарына барады деп күтілген. 18 мыңға жуық шәкірттің ата — анасынан арыз да қабылданып қойған.

Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға биыл 187 млн. теңге қаралған болатын. Бұл қаржының игерілмей қалу қаупі бар. Десе де салаға жауаптылар әлі де әркеттеніп көрмек. Санитар-дәрігерлерге лагерьлерді ашу бойынша ұсыныс жолдап көреміз деп отыр.

Мақпал Рысбаева