Білім күні қарсаңында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының жеке құрамы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолдау көрсетіп, мектеп жасындағы балаларына көмек көрсетті.
Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметінің жетекшісі Сымбат Жүнісованың айтуынша биыл алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған бес балаға әскери қызметшілердің демеушілігімен мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды.
— Бұл қайырымдылық акциясы болғаннан кейін әр әскери қызметші көмекке мұқтаж балаларға өз шама-шарқынша көмек қолын созды, бірі дәптер, сөмке, енді бірі қағаз, қарындаш сияқты оқуға қажетті құралдарды алып берді, — деп атап өтті ол.
Әселдің отбасы толық емес, жалғыз асыраушысы – анасы. Сондықтан мұндай көмек олар үшін үлкен көмек.
— Қай жағынан көмек берсе де біз үшін ол үлкен қуаныш. Жағдайымызды ескеріп, көмек берген жандарға айтар алғысым шексіз, — деді жалғызбасты ана Гүлмира.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты түрлі қайырымдылық жобаларынан қалыс қалған емес. Көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетуден бөлек балалар үйіндегі мүгедек балаларға да демеушілік көрсетіп келеді.