Су тасқыны кезінде көмекке барған сарбаздар марапатталды

37
Фото: Отырар.кз

Су тасқыны қаупі басым Атырау облысына көмекке барған сарбаздар марапатталды. Олар Маханбет ауданында тосқауыл жасап, тұрғындарды эвакуациялауға қол ұшын созған. Күні-түні көмегін аямаған әскерилердің еңбегі еленіп, арнайы төс белгі табысталды.

Атырау облысын тасқын судан қорғауға атсылысқан 8 әскери марапатталды. Соның бірі 19 жастағы Мирас Жанәбілов. Ол Кентау қаласынан Отан алдындағы борышын өтеуге келген. Көктемде батыс өңірді су басып жатқанда, қатарластарымен бірге Маханбет ауданында тұрғындарды қорғау үшін күніне 10 мың қап құмды толдыруға атсалысқан.

«Ең басты мақсат —  Маханбет ауданын бөгетпен қоршау болды. Су тасқынынан зардап шекпес үшін, жан-жағын бөгетпен қорғадық. Мақсатымыз Маханбет ауданын қорғау болды. Атырау тұрғындарына да рақмет, барынша көмектерін көрсетті. Әскери қызметшілер әрдайым халықпен бірге, халықпен бірге болады да», — дейді №35748 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Мирас Жанәбілов.

Осыдан 4 ай бұрын Атырау облысына алғашқылардың бірі болып №35748 әскери бөлімінің 300-ге тарта қызметкері барған. Олар 2 ай бойы төтенше жағдай қызметкерлеріне көмектесіп, тасқынға тосқауыл болды. Атыраудан ат басын бұрған депутаттар шымкенттік азаматтардың қиын қыстау кезеңде қол ұшын бергеніне дән риза.

«Қиын кезде шымкенттік әскери бөлімше қызметкерлері келіп, қол ұшын беріп, үлкен ерлік көрсетті. 2 айдай уақыт 485 мың халық тұратын елді мекендерді эвакуациялап, күнімен-түнімен еңбек етті. Сондықтан Атырау облысының атынан алғыс хатымыз бен «Ақ жол» партиясының төсбелгісін табыстадық. Осылай қиын кезде көмек беріп, еліміз гүлдене берсін», — дейді Атырау облысы мәслихатының депутаты Қайырбек Баймұратов.

Су тасқынына қарсы күрес кезінде батылдық пен ерліктің символына айналген жергілікті сарбаздарға «Апатқа қарсы күрес үшін» төсбелгісі табысталды. Айта кетейік, Шымкенттен әскери мамандармен қатар 20-ға тарта бірлік техника жіберілген.