Тарих сахынасында үш мың жылдай өмір сүрген дала өркениетінің негізі, түптеп келгенде ел болып бірігу жолында, ұлт болып ұйысу жолындағы күрестің тарихы еді.

Осы жолда Күлтегін жазбаларындағы «Менің өзімнің ханым бар, мемлектім бар халық едім, енді менің мемлекетім қайда, ханым қайда деген» түркілердің сар даласының ішкі мұңын білдіретін таңбалы таста қашап жазылған жазулардың сыры – бірліксіз елдің болашағын балта шабады деген ұғым жатқандай, қазақ хандығы кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары қазақ халқын топтастырды, ала ауыздығын тиды, мемлекеттілігін күшейтіп, дала демократиясының негізін салды. Ол тарихи шындық. Әлемде тиімді мемлекет құрудың әмбебап заңдары жоқ. Әр елдің өрлеу мен өсіп-өркендеуге бастар жолы бірегей, әрі қайталанбас жол.
ХХІ ғасыр Қазақстан тәуелсіз мемлекеті үшін шынайы демократияға ден берген, батыл саяси институттар қалыптастыру мен саяси жүйені реформалаудың үрдісін бастаған уақыт болды. Ескі саяси жүйені модернизациялау, демократиялық саяси жүйеге бетбұрыс жасау ісі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациядан» бастау алды.

Егемендік туралы Декларация Қазақстанды өз тағдырына өзі ие, ішкі және сыртқы саясатын өзі айқындайтын біртұтас бөлінбейтін шекарасы бар тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады.

Жалпыға ортақ меншіктен бас тартып, яғни социалистік даму жолынан нарықтық экономикаға өтіп, басқарудың саяси жүйесінде батыл қадамдар жасалды. Атап айтқанда, 1. Парламенттің рөлі артты; 2. Президент міндеттерінің бірқатарын Парламентке беріп, оның өкілеттілігін кеңейтті; 3. Билік органдарының өкілеттілігі мен жауапкершілігін бөлді; 4. Шынайы демократияны дамыту жолында саяси партиялардың рөлін күшейтті; 5. Халықтың саяси белсенділігін арттыру үшін Парламентке партиялық тізіммен сайланатын депутаттар санын арттыру мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Кез келген демократиялық қоғамның ішкі даму логикасы болуы заңды құбылыс. Ол болмаған жағдайда қоғамның алға жылжуы екіталай. 1990 жылдардың ортасынан бастап тәуелсіз Қазақстан ескі социалистік негізгі заңға өзгерістер енгізу кезеңінен өтіп, жаңа Ата Заңын қабылдады. Осы кезеңнен бастап біздің еліміз шынайы конституционализмнің жолына түсті.

Еркін демократиялық қоғамның дамуын тездетуде тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихының жаңа белестері ашылады. Егеменді еліміздің барлық саладағы жетістіктері, мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсуі 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямыздың әр бабымен тығыз байланысты. Бұл Конституцияны қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдағаны бәрімізге белгілі.

Қай кезеңді алып қарасақ та, халқымыз заңды жоғары бағалап, мойынсұнған. Онда көрсетілген барлық талап, ережелерді өз қалпында орындай отырып, ұрпағына тәртіп сіңіре білген. Соның дәлелі «Ұрлық түбі – қорлық», «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген аталы сөздеріміз, ешкімнің мүлкін ұрламау, бұзақылық жасамау туралы тәлім-тәрбие.
Әр кезде де халықтың игілігі үшін қызмет атқаратын заңдарымыз, әуелі адамзаттың бостандығы мен құқығын қорғауға негізделген. Қандай да заңды алып көз жүгіртсеңіз, ең бірінші азаматтардың бостандығын жоғары орынға қоя отырып, құқықтарының қорғалуын көздейді. Осының бірден-бір айғағы Ата Заңымыздың тоғыз тарауының бір тарауы адам және азаматтардың бостандығы мен құқығына арналған. Ата Заңымызға енген 98 баптың 29 бабы Қазақстан халқының құқығы мен бостандығын қорғауға арналғандығы еліміздің демократиялық мемлекет екендігін айқындайды.

Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің бір атаның баласындай ауыз бірлікте, татулықта, теңдікте ғұмыр кешуіне еліміздің Конституциясы кепілдік береді. Нәсіліне, ұлтына, ұлысына, сенім-нанымына қарамастан барлығына тең қарайтын қазақ елінің Ата Заңы әрқашанда өз биігінде көрінетіні сөзсіз.

Сонымен, осыдан жиырма бес жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 25 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Тарихқа кері шегінетін болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң – Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата Заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

1995 жылы қабылданған Конституциядан бастап елде түбегейлі саяси реформалар үрдісі басталды. Саяси реформалар мақсаты – Қазақстанның деңгейін өркениетті мемлекеттер деңгейіне көтеру. Ол үшін әлем халықтарының озық саяси-экономикалық және құқықтық үлгілерін Қазақстан жағдайына сәйкестендіріп алу керек болды. Бірінші кезекте, дамыған мемлекеттердің демократиялық құндылықтарын қабылдау міндеті тұрды. Біріккен Ұлттар Ұйымының маңызды халықаралық құжаттарында негізделген саяси және демократиялық құндылықтар мен принциптер Қазақстан қоғамының дамуын анықтайтын Конституциясында көрініс тапты. Екінші Конституцияның ерекшелігі оның президенттік билікті күшейте отыра, елде демократиялық қоғам негіздерін қалауында болды. Елдегі саяси реформалардың мән-мағынасы осы стратегиялық мақсатқа бағындырылды. Ол мақсат Конституцияның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп айқындалды.

Осы заманғы демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің міндеті Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі құжаттарында белгіленген. Мәселен, 1948 жылы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан адамның табиғи мүддесі мемлекет мүддесінен басым деген іргелі тезис туындайды. БҰҰ Бас ассамблеясының 50-ші мерекелік сессиясында мемлекет – адамдардың тұрмыс жағдайын ұйымдастырудың негізгі субъекті деген маңызды қағида қабылданды. Сондай-ақ БҰҰ сарапшыларының 1964 жылғы екінші кеңесінде мемлекеттік басқару қызметі ұлттық мақсаттар мен міндеттерге мемлекеттік ұйымдар арқылы қол жеткізу процесі деп анықталды.

Әлемдік ғылым осы заманғы демократиялық қоғамда мемлекеттік егемендік пен халықтық егемендік қатар жүруге тиіс деп топшылайды. Атап айтқанда, елдің ішіндегі халықтық егемендіктің мемлекеттіктен басым рөл атқаруы керектігі Қазақстан Республикасы Конституциясының үшінші бабында өз көрінісін тапқан. Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық деп атап көрсетілуі сондықтан.

Өмірге жаңа келген президенттік билік Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғап, олардың саяси қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды. Президенттік билік елдегі саяси тұрақтылықтың, этникалық татулықтың және әлеуметтік-экономикалық дамудың кепіліне айналды. Тиімді және күшті мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттың да іс жүзіне аса бастауы тұрлаулы Президенттік биліктің басшылығымен жүрді.

Президенттік билік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі экономикалық және саяси реформалану міндетін өз мойнына алды және оны ойдағыдай орындап шықты.
Қазақ елі өтпелі кезеңнің дағдарысынан шығып, әлемдік қауымдастықтың тең дәрежелі өркениетті серіктесіне айналуы үшін уақыт талабына сәйкес, Ата заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу шараларына жүгінді.

1998 жылы 7 қазанда Ата Заңның 19-бабына өзгертулер енгізген заң актісі қабылданды.

Осы заң актісінің негізінде Конституцияға мынадай бағытта: Қазақстандағы көппартиялылықты дамыту, Парламенттің құзіретін кеңейту, Үкіметтің қызметін одан әрі жетілдіру, Президент пен Парламент депутаттарының қызмет мерзімін ұзарту, қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіру, жергілікті әкімшілік басшыларының сайлануына қатысты өзгерістер енгізілді. Конституцияға түбегейлі жаңа нормалар енгізген «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы құқықтық мемлекет құрудың әлеуетін одан әрі күшейте түсті.
Бұл Ата заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан демократиялық реформалардың жалпы ұлттық бағдарламасы деп қабылдау керек. Өйткені бұл қазақстандық модель мен дүниежүзі таныған үрдістердің үйлесімділігін тапқан жол.

Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өмір сүріп жатқан азаматтардың құқықтарының қорғалуына мемлекет әрдайым кепілдік жасайды. Халқымызға осындай қамқорлық жасап отырған Ата Заңымызды құрметтеу және оған бой ұсыну елдің әрбір азаматының қасиетті борышы мен парызы деп білуіміз қажет.
Сонымен, басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану.

Тұңғыш Президентіміздің сөзімен аяқтасақ: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау.

Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».

Д.П.Қожамжарова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі