Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы тұрғыда мемлекеттік, жекеменшік мектептерде оқушылар қалай оқиды?
Және де бас санитардың қаулысы бойынша қандай санитарлық талаптарды орындаулары шарт? Арнамыздың түсіру тобы шахардағы Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицей мен «Нұрсәт» шағынауданындағы жекеменшік мектепте болып дайындықтарымен танысып қайтты Биылғы оқу жылында №77 мектеп-лицейдің бірінші сыныпқа 285 бала қабылданған. 1 «д» сыныбының мұғалімі Нұргүл Пірназарова балаларды оқытуға дайынмын дейді.
Нұргүл Пірназарова, Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі: «Әр сыныпта 24 оқушыдан. Бөліп оқимыз. Егерде ата-аналардан қашықтықтан оқытуға өтініш түссе, олар үйлерінде отырып оқиды. Оқулықтармен барлығы қамтылған. Қазір маған 5 ата-анадан өтініш түсті».
Білім ордасында өткен оқу жылында 2 542 оқушы екі аусымда дәріс алса, биыл 2600 бала оқытылмақ. Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында 5 пен 11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтықта оқиды деп жоспарлануда, ал бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының қалауымен мектеп қабырғасында да, қашықтықта да сабағын жалғастыра алады
Толқын Аюбаева, А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейдің директоры: «Бастауыш сыныптарға 300 жаңа парта сатып алынды. Санитарлық талаптар бойынша санитайзерлер, сабын, еденге төсейтін кілемше, дезинфекциялық дәліз дайындалған».
«Самал-2» шағынауданының тұрғыны Данияр Әбішев 10, 12 жастағы балаларын «Нұрсәт» шағынауданындағы жекеменшік мектепте оқытуды жөн көріпті: «Мұнда сыныптарда 10 баладан оқытады екен жәй мектептердегі 45-50 баладан емес. Сабақ үлгерімі де санитарлық талаптар да орындалады. Бір оқушыдан партада отырады екен».
Былтырғы оқу жылында ашылған жекеменшік мектепте биыл 250 бала офлайн оқиды. Білім ордасында 1-ден 11 сыныпқа дейін бір-бірден қазақ және орыс сыныптары жинақталған. Ондағы оқушылардың саны 8-10 .
Фатих ТОСУН, жекенменшік мектеп директоры: «Білім басқармасы мен бас санитар эпидемиологтардың талаптарын орындау мақсатында 450 балаға шақталған мектепте 250 баланы оқытуды жоспарлаудамыз. Көлемі 50 шаршы метр сынып бөлмесінде 15 оқушыға дейін оқытуға мүмкіндік бар. Жаңа оқу жылын офлайн өткіземіз».
Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байлынысты жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін. Сондықтан да еліміздің бас санитарының қаулысы мен сала министрінің бұйрығы назарымызда болады,- дейді ұстаздар қауымы.
Шынар Оразова