Жекеменшік мектептерде кадр тапшы

44

Кәсіпкерлік палатасында жекеменшік мектептердің мәселесі қозғалды. Кәсіпкерлер сөзінше жан басына қаржыландыру жүйесінде алалау бар. Мемлекеттік мекемеге қарағанда инвестициялық білім ұяларына қаржы аз бөлінеді. Одан бөлек кадр мәселесі өзекті.

Білім беру саласының мамандары жекеменшік мектептерде қордаланған мәселелерді көтерді. Жауаптылардың сөзінше, бюджеттен бөлінетін қаражаттың көп бөлігі мемлекеттік мекемеге жіберіледі. Ал жекеменшік мектепке әр оқушыға бөлінетін қаражат 127 мың теңгеге аз. Соған байланысты «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» Шымкент қаласы филиалының директоры жүйеге өзгеріс енгізу керектігін айтады.

Диана Қараманова, «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЖКЗТБ Шымкент қаласы филиалы директоры: «Жекеменшік мектеп оқушылары құдды бір шетел азаматы сияқты. Оларға бір реттік әлеуметтік көмек берілмейді, ал мұғалімдердің санатына қарай ақша бөлінбейді. Оған қоса кәсіпкерлер мектепті салғаннан кейін, мемлекет 8 жыл ішінде инвестициясын біртіндеп қайтарып береді деген. Ал одан кейін кәсіпкер кеткен шығынды немен жабады. Сондықтан жобаны қайта қарау керек сияқты».

Мемлекеттік стандарт бойынша жекеменшік білім ордасында 35 пайыз білікті мұғалім жұмыс істеу керек. Алайда “Жаңа Дәуір” мектеп-интернатының директоры жоғары санаттағы ұстаздарға төленетін қаражат мемлекеттен қаралмаған дейді. Олар шама шарқынша төлеген айлыққа мықты мамандар келіп, сабақ өткісі келмейтінін айтады. Сондықтан кадр жетіспеушілігі байқалады.

Азамат Сәлікбай, “Жаңа Дәуір” мектеп-интернатының директоры: «Бізде 473 бұйрық бар, лицензиат бойынша. Онда мұғалімнің 35 пайызы зерттеуші, шебер, эксперт болу керек. Алайда адам басына қаржыландыру бойынша бұған қосымша ақша берілмейді. Сонда бір-біріне қарама қайшы шығып тұр».

Жергілікті кәсіпкерлерді толғандырған мәселені тікелей эфирде жауапты орталық өкілдері тыңдап, жауап берді.

Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы: «Категорияға байланысты, біз мұғалімдерге жалақысына қосымша қаражат қосып береміз. Мемелекеттік мекемелерде жоғары санаты үшін әрине ақша төленеді. Бұл тек мемлекеттік мектептерде ғана. Десе де оған қарамастан жоғары санаты үшін жекеменшік мектеп ұстаздары да ақша алып отыр».

Сонымен қатар, кәсіпкерлік палатасында өткен кеңесте Арт спорт бағдарламасына мекеменшік мектептердің қатысуы, жатақханалар үшін бөлінетін қаражат және оны тексеру алгоритімі туралы сөз болды.