ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус бойынша жаңартылған статистиканы ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, COVID-19 зертханалық расталған жағдайлардың саны – 1226, соңғы бір тәулікте 36 адам қайтыс болды. Анықталмаған этиологиясы бар, бірақ коронавирустық инфекцияның клиникалық және эпидемиологиялық белгілері табылған пневмониямен ауырғандар саны – 5181. Өткен тәулікте пневмония диагнозымен 30 өлім жағдайы тіркелді», – делінген министрлік хабарламасында.

Жалпы коронавирусқа қатысты жаңартылған мәліметтер төрт цифрға негізделеді. Бірінші көрсеткіш – коронавирус ПТР сынағымен расталған пациенттер, екіншісі – өлім жағдайлары, үшіншісі – ПТР сынамаларымен дәлелденбеген ықтимал ауырған пациенттер, төртіншісі – ПТР сынамаларымен дәлелденбеген бірақ өлім нәтижелері көрсеткен жағдайлар. Кеше коронавирусқа қатысты жаңартылған коронавирус статистикасы 2 тамызда жарияланады деп хабарлаған болатынбыз.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді міндеттеген болатын. Кейін коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетіні анықталды. Сонымен қатар, Елімізде COVID-19 бойынша жаңа статистика 1 тамыздан бастап жүргізілетіндігі айтылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус статистикасы жаңаша қалай жүргізілетінін түсіндірді.