фото azattyq-ruhy.kz

Карантин басталғалы әлемде миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Табыссыз қалғандардың кейбірі күйзеліске түсіп, енді бірі карантиннің аяқталғанын асыға күтіп жүрсе, бүгінгі кейіпкеріміз сияқты «пысықтар» мамандығын өзгертіп, мүлдем басқа салаға кетіп жатыр.

Azattyq Rýhy агенттігінің бүгінгі кейіпкері – карантин кезінде жұмысы тоқтап, спорт залдағы қызметін курьерлікке ауыстырған Талғат Әмірешов.

ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯДАН КУРЬЕРЛІККЕ ДЕЙІН

Алматының 31 жастағы тұрғыны Талғат Әмірешов карантинге дейін қаладағы спорт орталықтарының бірінде джи-джитсудан жаттықтырушы болған. Еліміздегі белді оқу орындарының бірі саналатын КИМЭП университетінің түлегі өзін барлық салада сынап көрген.

«Қаржыгер мамандығы бойынша КИМЭП университетін бітіргенмін. Осы уақытқа дейін өзімді біраз салада сынап көрдім. Оқуымды аяқтаған соң «Unitim.kz» компаниясында сауда өкілі және директордың көмекшісі болып жұмыс істедім. Кейіннен Нұр-Сұлтанда «Самұрық Қазынада», одан кейін «KEGOC» компаниясында қызмет еттім. Елорда көңілімнен шықпаған соң, жұмыс барысымен Алматыға ауысып келдім. Бірақ мұндағы жұмыс та көңілімнен шықпады. Содан риэлтор болдым, фаст-фудпен айналыстым, яғни өзімді көп іздедім. Банкте төрағаның көмекшісі болып орналасып, сол жерде ұзақ уақыт жұмыс істеймін деп ойлағанмын. Бірақ өмірде бәрі сен ойлағандай бола бермейді екен, себебі, қазір банк те қызметінуоақытша қтатқан (күліп)», – деді ол.
Кейіпкеріміз карантинге дейін бір жарым жылдай джи-джитсу спортының бапкері болған, одан бөлек, фитнес жаттықтырушы болуды жоспарлап жүрген екен.

«Курьер қызметін карантин басталып, барлық фитнес-залдарды жабады деген кезде бастадым. Таңнан кешке дейін жаттығумен айналысып жүрген менен інім «Немен айналысатын ойың бар?» деп сұрады. Біраз сөйлескен соң, «Wolt» деген курьерлік компания ашылып жатқанын айтты. Ұзақ ойлана келе, телефон қосымшасы арқылы курьер болуға өтініш тастадым. Олар көп ойланбастан мені жұмысқа қабылдап, тест тапсыртып, қалай жұмыс істеу керек екенін үйретті. Алғашқы аптада жарты күн ғана жұмыс істеп, карантин болатынына сенбей жүрдім. Кейіннен бір тәулік толықтай жұмыс істеп көріп, жақсы ақша табуға болатынына көз жеткіздім. Осыдан кейін курьерлікті жалғастыру керегін түсіндім. Оның үстіне, таңертеңнен кешке дейін жаттықтырушы болып үйреніп қалғандықтан, энергиямды бір жерге жұмсауым керек еді. Осылайша, өзіме қажетті жұмысты осы жерден таптым», – дейді кейіпкеріміз.

КУРЬЕРЛІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ҚЫРУАР ТАБЫС

Талғат Әмірешев курьерлік қызметтің де қызық және пайдалы тұстарын айтып берді.

«Курьерліктің де өз қызығы бар. Таңнан кешке дейін үнемі қозғалыстасың, кеңседегідей бір орында отырмайсың. Оның үстіне, бұл жұмыстың тапсырысты тез жеткізу, төте жол тауып, қажетті орынға тез жету, апатты жағдайға түспеуді алдын ала болжау сынды пайдалы тұстары көп. Одан бөлек, күн сайын неше түрлі адамдармен жолығасың. Жұмыс процесіндегі әрекеттің барлығы өзінше қызық. Әрине, мұның бәрі уақытша, жас келген сайын оның да ауырлығы білінеді», – деді Талғат.
Бұған дейін кеңселік қызмет пен жаттығу залында жүрген Талғат курьерлердің мол табыс табатынынан бейхабар болған.

«Миллион теңгені екі айға жуық мерзімде таптым. Әр ай сайын менің салық, жол мен тамағыма жұмсаған ақшамды қоспағанда, таза 600-700 мың табыс тауып отырдым. Себебі, күн сайын көлікпен таңнан кешке дейін 150-180 шақырым жүргенімді есептесем, жанармайға 80-100 мың теңге жұмсалуда. Тамақ пен сусынға бөлек кетеді. Соның бәрін қосқанда – бір айда 1 миллион теңге табуға болады. Таңнан кешке дейін тапсырысты үздіксіз алып отырсаң, күнделікті табысың 25-30 мың теңгені құрайды. Бірақ жиналған қаржыны күн сайын емес, екі апта сайын алып отырасың», – дейді ол.

КАРАНТИНДЕГІ ТРАНСФОРМАЦИЯ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚЫ МЕНЕДЖМЕНТ

Отбасының жағдайын жасау үшін қандай да болсын қызметтен бас тартпайтынын айтқан Талғат карантин аяқталғаннан кейін де курьерлікті алып жүргісі келетінін жасырмады.

«Коронавирусқа қарсы екпе табылса, қайтадан жаттықтырушы қызметіме ораламын деген ойдамын. Мен джи-джитсуды қатты жақсы көремін, балаларды да, ересектерді де жаттықтырудан рахаттанамын. Бірақ жаттықтырушы қызметінде мұндағыдай көп ақша таба алмайсың. Карантиннің де қашан аяқталатыны белгісіз. Ақшаның дәмін көрген соң, осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарымды қайта қарап шықтым. Бұл індет аяқталған соң джи-джитсуға оралатыным анық, жақсы бір ұсыныс түспей жатса, курьерлік қызметті спортпен қатар алып жүретін шығармын. Жақсы табыс тауып әдеттенсең, физикалық тұрғыда қанша шаршасаң да ақша табуды ойлап тұрасың. Отбасыңмен уақыт өткізіп, демалып жүрген кезде уақытың мен ақшаны жоғалтып жатқаныңды түсінесің. Курьер қызметі уақыт пен ақшаның қадірін бағалауды үйретеді», – деді ол.

ЖАСТАРҒА АЙТАР КЕҢЕСІ

Осы күнге дейін өзін талай салада сынап, шыңдап келе жатқан алматылық азамат әңгіме соңында қазақстандық жастарды тәуекелшіл және еңбекқор болуға шақырды.

«Жақсы жаққа өзгергісі келетін жастарға, ең алдымен, өз ортаңды, қазіргі өмір салтыңды өзгерт дегім келеді. Сондай-ақ, компыютерлік ойын ойнап, алтындай уақытыңызды босқа сарп етпеңіздер. Ең жақсы ойын – өмір. Мен бала кезімде компьютер ойындарын өте көп ойнадым. Нәтижесінде, «осозноннасть» маған 27 жасыма қарай келді. Иә, киберспортта да жақсы табыс табатын жігіттер бар. Бірақ көпшілігі үшін бұл күйзелістен арылып, «уақыт өткізу» дейтін ермекке айналған. Сол үшін уақытыңызды текке шығындап, деградацияға ұшырамаңыздар. Комфорт-аймақтан шығып, ортаңызды, өзіңізге ұнамайтын жұмысты ауыстырыңыз. Алға мақсат қойыңыздар. Мен де курьер болмай тұрып, олардың осыншалық көп ақша табатынын білмеппін. Сол себепті, басқа салада да өзіңді байқап көрген жөн. Мұнымен мен тоқтап қалмаймын, қазірдің өзінде бос жүрмей, инвестицияны қайда жұмсау қажет, болашақта нарықта, экономикада қандай өзгерістер болатыны туралы аудио кітаптарды тыңдаймын. Дамуды тоқтатпай, сізді артқа тартатын адамдарды тыңдамауға кеңес беремін. Бұл менің өмірлік тәжірибем, ал сіздің өз тәжірибеңіз болады. Өміріңізде болған қателіктер мен дағдарыстарды дұрыс қабылдап, өзіңізді кешіріп, одан шешім шығара алсаңыз, көп жетістікке жетесіз. Кімде-кім шынымен үздік болуды қалап, еңбек ететін болса, өмірдің рахатын сезінетін болады», – деді ол.