«Пандемияның жаңа толқынына дайынбыз». Елдегі эпидемиологиялық ақуалды баяндаған денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бүгін осылай деді.

Айтуынша елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады. Дегенмен босаңсуға әлі ерте екенін ескертеді мамандар.

Елдегі эпидемологиялық ақуалды баяндап берген денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады деп сүйіншіледі. Дегенмен, пандемияның келесі толқынына дайындық жалғасуда.

Науқастарға дәрінің 5 түрі тегін беріледі. КВИ-ға ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелінген аппараттар сатып алынды.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 99 442-ге жетті. 72 523 науқас жазылды, 1 269 адам аурудан көз жұмды. Ал коронавирус және пневмония деректері неге біріктірілмейді? Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бүгін осы сауалға жауап берді.

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: «Қазіргі таңда бұл ақпаратты жеке-жеке беріп отырмыз. Жалпы санды алғыңыз келсе, қарапайым арифметикалық әдісті қолдануға болады. Сондай-ақ, бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалпы статистиканы өзінің ресми сайтында жариялап отыр. ДДҰ ауруды екі кодқа бөлді. Бірінші код – коронавирустың расталған жағдайы, екінші жағдай – ПТР тестілеуінің теріс нәтижесі. Алайда біз бұл деректерді біріктіргелі отырған жоқпыз».

Ал ауруханалардағы орын 60 пайызға босады. Ал жансақтау сақтау бөліміндегі орындар 58 пайызға дейін босап отыр. Жедел жәрдемге хабарласу айтарлықтай азайды, КВИ бойынша 68 пайызға төмендеген. Ал жазылып шыққан науқастардың саны 73 пайызға жетіпті.

Мақпал РЫСБАЕВА