Төлеби ауданының 112 нөміріне 2020 жылғы 06 тамызда 20 сағат 30 минут шамасында Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Жаңажол ауылы, Майбұлақ тау шатқалында (бұрынғы Турбаза «Южный») екі азаматтың тау беткейіне шығып, адасып кеткендері туралы хабар келіп түсті.
Тез арада оқиға орнына құзырлы органдар, атап айтқанда Төлеби ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті «ӨСжАҚЖҚ» ММЖедел құтқару жасағы, Төлеби ауданының әкімдігі, полиция бөлімінің қызметкерлері және жедел жәрдем қызметі жетіп келіп, «Штаб» құрылып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Тауда іздестіру-құтқару жұмыстары өте қиын жағдайда жүргізіліп, 07 сағат 00 минутта тауда жоғалғандар табылып, оларға жылы киімдер беріліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Шамамен 1100-1300 метр биіктікке шығып кеткен 73 жастағы қария және оның 58 жастағы жұбайы тау беткейіндегі өзіне үлесті жер учаскісіне барған. Олар өздерін жеткізген көліктен адасып, жол таба алмай қалған. Жоғалғандарды іздеу жұмыстары барысында қай жерде жоғалғандығы туралы мәліметтің толық болмауы және кеш батып қараңғы болуы,сондай-ақ тау шатқалдарының биіктігі мен оған баратын жолдардың қауіптілігі іздеу жұмыстарына едәуір қиындықтар тудырды.
Құтқарушылар өз өмірлерін қауіпке тігіп, экстремальды жағдайда іс-қимыл жасай алулары мен шеберліктерінің арқасында тау беткейінде қалған 73 жастағы қария және оның 58 жастағы жұбайын құтқара алды.