Түркістан оқу жылын қалай бастайды?

145

ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен биылғы жаңа оқу жылы қашықтан оқытады. Оқушысы көп Түркістан облысы өткен оқу жылының 4-тоқсанындағы олқылықтарды қайталамау үшін қандай шаралар қолданып жатыр? Жаңа оқу жылына дайындық қандай, ұстаздар мен оқушыларды техникамен, оқулықпен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда? Осы және басқа да сауалдарға Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев жауап берді.

Облыста 139 шағын жинақты мектеп бар

Басқарма басшысы 2020-2021 жаңа оқу жылын Түркістан облысында қашықтан оқыту қолға алынғанан алға тарта отырып, Сол бағытта дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды.
– Түркістан облысында қазір 900-ден астам мектеп бар. Оқушылардың саны – 499 535. Шалғай аудандарда орналасқан шағын жинақты мектептер бар. Мұндай мекептердің жалпы саны — 139. Әр мектептегі бала саны 180-нен аспайды. Ал жалпы 139 шағын жинақы мектепте оқитын балалар саны – 12378. Егер жағдай тұрақталып, санитарлық талаптар өте жақсы сақталған жағдайда осы мектептерде дәстүрлі оқытуға рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр. Ал, қалған мектептердің барлығы қашықтан білім беру бойынша жұмысын жалғастырады. Өткен 4-тоқсанды ешқандай дайындықсыз қашықтан оқыту жүйесі бойынша алып шықтық. Мұндай жағдай боларын білмедік. Ұстаздар да, ата-аналар да оқушылар да дайын болмады. Енді сол кезде жіберген қателіктерді қайталамау үшін жаңа оқу жылына қарқынды дайындалып жатырмыз,-дейді Рахымбек Жолаев.

Жағдай оңалса, бастауыш сыныптар мектепте оқиды

«1-сынып оқушыларының қашықтан білім алуы қалай болады» деген мәселе өте өзекті. Түркістан облысы бұл мәселенінің шешімін қалай таппақ?
– Мектеп туралы түсінігі жоқ, мұғалім жайлы танымы жоқ, оқулықпен жұмыс жасап көрмеген, білім алу дағдысы қалыптаспаған 6 жасар балаға «мынау сенің мектебің, мынау сенің ұстазың» деп қашықтан үйрету – қиынның қиыны. Қазір енді Бас санитария дәрігерінің болжамы бойынша пандемияның жасыл, сары, қызғылт сары және қызыл деген түрлі кезеңдері бар. Қазір еліміздің бірнеше аймағында қызыл режим болып тұр. Бұл пандемияның қатты өршіп тұрғанын байқатады. Қызылдан кейінгі режим қызғылт сары. Облысымыз осы қызғылт- сары режимде. Бұл да қауіптің едәуір деңгейін көрсетеді. Ал сары деңгей одан да жақсырақ. Деңгейіміз осы едәуір қиын кезеңнен түсіп, жағдай оңалып жатса, бастауыш сыныптарды дәстүрлі түрде штаттық режимде оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін алдымен ахуал дұрысталу керек. Әрине ата-аналардың өтініші негізінде осындай кезекші сыныптарды ашу жоспарымызда бар,-дейді Жолаев.

60 мың мұғалімнің көбі білімін жетілдірді

Ол қашықтан оқыту үшін интернет мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі екенін де айтты.
– Қашықтан оқыту үшін ең алдымен кеңжолақты интернет аудай қажет-ақ. 4-тоқсан интернет жылдамдығы баяу әрі қолжетімсіз екенін көрсетті. Сол үшін қазір үкіметтік көлемде шаралар қолданылып үлкен жұмыстар істеліп жатыр. Қазір интернетті 100 пайыз ауылдық елдімекендерге дейін тарату көзделген. 25 мамырдан 10 шілдеге дейінгі ақпаратқа сүйенсек, 70-ке жуық елдімекенге интернет жеткізілді. Тағы 70-ке жуық ауылда интернет жоқ немесе сапасы өте төмен. Сондықтан осы елдімекендерге 1 қыркүйекке дейін интернет желісін орнату үшін бар күшімізді саламыз. Білім және ғылым министрлігінің ұсынып отырған арнайы платформалары бар. Біз 4-тоқсанда осы платформамен таныстық. 70 пайызға жуық оқушы осы платформаға тіркеліп, біршама жұмыс жасап көрдік. Bilimland, Дарын онлайн және kundelik.kz платформасы. Осы платформалардан әр аудандағы мектептер өздеріне ыңғайлы, қолжетімді жұмыс жасай алатынын таңдап алуға болады. Бұл платформаларға Білім және ғылым министрлігінің жабық стандарттары бойынша контент оқу бағдарламасы толықтай енгізілген. Бұл жерде сабақ кестесін дайындауға, үй тапсырмасын беруге, журнал, аралық қорытында бағалаудың бәрін өткізуге болады. Яғни кері байланысты орнатуға мүмкіндік бар. Ұстаз, оқушы, ата-ана бәрі осы платформаны толық меңгерген жағдайда қашықтан білім беру жүйесін сапалы түрде жүргізе аламыз. Білім және ғылым минстрлігінің ұйымдастыруымен 20 шілдеден бастап 350 мың мұғалім цифрлық сауат және платформалармен жұмыс істеу бойынша білімін жетілдіре бастады. Бұл 25 тамызға дейін жалғасады. Облысымызда 60 мыңға жуық мұғалім бар. Соның 80 пайызы 350 мың мұғалімнің құрамына кірді. Оқушылар жағынан қатты қорқыныш жоқ, өйткені қазіргі балалар техникаға өте жақын. Олар 1-2 сағаттың ішінде бұл платформаларды меңгеріп алатынына сенімдіміз,-дейді ол.

«Мектептегі компьютерлерді үйге береміз»

Тағы бір басты мәселе – техника. Мұғалім мен оқушыларда компьютер немесе ноутбук болу керек.
– Облысымызда 1000-ға жуық оқытушының жеке компьютері жоқ. Қазір компьютер – мұғалімнің кәсіби құралына айналды. Облыс мұғалімдерінің 95%-дан астамы жеке компьютер сатып алды. Ал тұрмыс жағдайы төмен мұғалімдерді кәсіподақ, мектеп демеушілігі және басқа да демеушілердің көмегі негізінде техникамен қамтуды 1 қыркүйекке дейін 100 пайыз шешуді жоспарлап отырмыз. Оқушыларды да электронды құрылғылармен қамту да мәселе. Облыс көлемінде 499 535 оқушы бар. Бұл санда әлі өзгеріс болады. Осы оқушыларымыздың 30 пайызға жуығ үйлерінде компьютер бар екенін айтып, ақпарат берді. Ал 100 мыңға жуық оқушы смартфон мен планшеттері барын айтты. Бірақ, бұл үш балаға бір смартфон ба, 4 балаға бір планшет пе, қалай анықтап жатырмыз. Бір отбасында қанша бала мектепке барады және қанша техника барын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазір 60 мыңнан астам оқушының ешқандай техникасы жоғы анықталды. Бұл мәселені шешудің 2 жолы бар: мектептерімізде 30 мыңға жуық жарамды компьютерлер бар. Осы техникаларды оқушыларға уақытша таратып беру қарастырылуда. Карантин кезінде мектептерде біршама қаржы үнемделді. Жаңа оқу жылы басталған соң да бірнеше ай үнемделеді. Осы үнемделген қаржының есебінен компьютер, ноутбук, планшет сатып алып, мектеп балансына беріледі. Әрі қарай оқушыларға таратады. Мешіттерімізде жыл сайын қалыптасқан «Мектепке жол» деген акция бар. Жыл сайын әр мешіт қаншама баланы киіндіреді. Біз діни басқарманың мамандарымен сөйлесіп, биыл мектеп формаларының орнына балаларға техника сыйласаңыздар, деген өтініш білдіріп, осы мақсатта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектеп бітіріп кеткен түлектер жылда мектебіне сый жасайды. Олар жылдағыдай той-думан жасай алмайтындықтан ол кісілерден де сол той-думанның орнына балаларға техника алып беру жағын қарастырсаңыздар екен, деп жатырмыз. Осының бәрі дұрыс жолға қойылса, әрбір оқушымызды бір техникамен қамту арқылы осы оқу жылын жүйелі әрі сапалы түрде қашықтан оқытуды бастай алар едік,-дейді басқарма басшысы.

25 тамызға дейін барлық оқулық жеткізіледі

Сапалы білм алу үшін оқулықтың жеткілікті болуы да маңызды.
– Енді оқулық мәселесіне келсек, өткен оқу жылында балаларды 100 пайыз оқулықпен қамтыдық. 25 тамызға дейін барлық мектепке 100 пайыз оқулықтар жеткізгеміз. Каратинге байланысты биыл да ерте қолға алынды. Баспалармен, тасымалдаушы компаниялармен келісімшарт түздік. Қазір баспалар 50-60 пайыз оқулықтар дайындап қойды. Сол оқулықтарды 1 тамыздан тасымалдау басталады. 10 тамызға дейін баспалардан кітаптарды алып, 20 тамызға дейін барлық мектептерге тарату керек. 25 тамызға дейін 100 пайыз оқулықтарды тарату жоспарланған. Баспалардың хабарлауынша, тек қана ағылшын тіліндегі кітаптар кешігуі мүмкін. Ел аумағында басылатын кітаптар толықтай таратылады. Бұл жағдай да жоспарлы түрде жүзеге асады,-дейді Жолаев.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №30, 23 шілде 2020 ж