Саңыраулар қоғамындағы жиһаз цехы карантин шектеулері алынғаннан бері екінші апта жұмыс істеуде.
Шымкенттік Қанат Қармановтың саңыраулар қоғамындағы жиһаз цехында жұмыс істегеніне 10 жыл болды. Коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантин шараларына сәйкес цех жақында уақытша жабылған болатын. Бас санитардың қаулысы бойынша цех тамыздың 17-іне қайта жұмысын жандандырғанына мүмкіндігі шектеулі азамат риза. «Азын аулақ табыс мемлекет тарапынан алатын жәрдемақыма жақсы көмек»,- дейді ол.
Саңыраулар қоғамындағы өндірісте шымкенттіктерден бөлек, Шардара, Отырар, Ордабасы аудандарында тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтар да жұмыс істеп келген. Мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу үшін ұйым басшылығы шағын кәсіпорынға сертификат алу бағытында жұмыс атқаруда.
«Сертификат алуымыз керек. Талап бойынша біз өндірістегі жабдықтарды жаңалауымыз керек»,- дейді Маратбек Жүнісбеков.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бағытында үкімет тарапынан қолдау жан-жақта қарастырылған.
Майя Әлібжанова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілі: «Қалалық жұмыспен қамту орталығы мына бағытта жүргізеді: қызмет орындарының жалпы санының үш пайызы мөлшерінде мүгедектерге жұмыс орындарынан квота бекіту. Жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құру. Және мүгедектерді кәсіби оқыту ұйымдарын құру. Ағымдағы жылда 590 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа тартылған. Олардың 279-ы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Қала бойынша мекемелерде 314 бос жұмыс орындарына квота тиесілі болса, оның 167-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылған».
Ерекше айта кетерлігі, Шымкент қаласының мүгедектер қоғамы мемлекеттік тапсырысты ұтып алып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту орталықтарына, емдеу мекемелеріне инватаксимен жеткізу бойынша қызмет атқаруда. Тағы бір маңызды тұс, жұмыспен қамтуда аталған санаттағы азаматтарға басымдық беріледі,- дейді сала мамандары.
Шынар Оразова