Атаулы әлеуметтік көмек алып шеберханасын ашқан сарыағаштық азамат

188

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Бабамурад Халдаровқа атаулы әлеуметтік көмекті пайдаланып, өзінің ағаш шеберханасын ашты. Жыл басында аталған бағдарлама бойынша көмек алу туралы жергілікті әкімшіліктің тиісті бөліміне өтініш берген.

Араға 1 айдай уақыт салып, ақпан айында 203 460 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ақшасына ағаш өңдейтін құрал жабдықтар сатып алып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауды қолға алған. Шебердің сөзінше, оюмен өрнектелген орындық, үстел, желбесік және сандыққа деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.

Шеберхана иесі алдағы уақытта қолынан іс келетін азаматтарды жұмысқа қабылдап, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында үстіміздегі жылдың 8 айында 3612 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның 869-на әлеуметтік көмектің шартсыз түрі тағайындалса, 2349-на шартты түрі тағайындалған.