Шымкент қаласында ерекше маңызды деп танылатын білім саласы толығымен автоматтандырылған. Балабақшаға кезекке қоюдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру саласына дейінгі қызмет көрсету түрлері электронды жүйеге көшкен.

Солардың бірі – қосымша білім беру ұйымдарында енгізілген «МИНДАЛЬ қосымша білім беру» платформасы өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шымкент – адалдық алаңы» жобасы ANTIKOR LIVE тікелей эфирінде айтты.

««МИНДАЛЬ қосымша білім беру» платформасы арқылы ата-аналар балаларын ән-би, көркем-сурет секілді түрлі қосымша үйірмелерге жазу үшін өтінім бере алады. Осыған дейін бұл қызмет 5 жұмыс күнінің ішінде қаралып келген. Ал қазір 30 минуттың көлемінде үйірмеге қабылдануға мүмкіндігі бар», – деді Мұрат Әйтенов.

Айта кетейік, аталған платформа арқылы былтыр 142 өтінім берілген, биыл 633 өтініш келіп түскен.