«Мүгедектікке шығарып беремін» деп алдаған күдікті әйел ұсталды

153

Бүгінде алаяқтықтың сан алуан түрі самсап кеткен. Оңай жерден олжа таппақты міндеті санайтын талай алаяқ «аңқау елге арамза молда» болып жүр. Тәртіп сақшылары бүгінде кең тарап кеткен қылмыстың осы түрінің алдын алмаққа барын салуда. Бірақ тым сенгіш жандар алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатыр.

Бір жағынан мәселесін тез арада не болмаса заңды айналып өтіп шешуді қолай көретіндер алаяқтардың «қызметіне» иек артады. Ақыр соңында тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Аузы күйсе де үрлеп ішуді үйренбегендерге не амал?

Күні кеше Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің сөзінше өзіне жақсы таныс емес азаматша осыдан 2 жыл бұрын «мүгедектікке шығарып беремін деп» уәле еткен. Әрине, тегін емес. Өз қызметін 110 мың теңгеге бағалаған. Аңғал кейіпкеріміз айтқан ақшасын алақанына санап салып берген.

Қомақты қаражатты алған алаяқ «шуу қарақұйрық» деп тайып тұрған. Мүгедектікке шықпағаннан кейін, не ақшасын қайтармаған соң сан соғып қалғанын түсінген тұрғын полицияның көмегіне жүгінген.

Түркістан ҚПБ-ның полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, қалалық сақшылар алаяқтыққа күдікті әйелді ұстады. Алаяқ бұрын сотты болған тұрғын болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».

Нармахан Ыбыраев