Нұрәлі Айтеленовтың арманы – велосипедпен әлемді шарлап өту

106

28 жастағы жас саяхатшы өзінің екі дөңгелек көлігінде Қазақстанның жартысын шарлаған.

Сапарын Алматыдан бастаған Нұрәлі Қордайдан Таразға, кейін Шымкентке жеткен. Нұрәлінің мұндай саяхатқа шығуы бірінші рет емес. «Мен жол жөнекей тұрғындармен кездесіп, өзім үшін керемет орындарды ашқанды ұнатамын. Есесіне, отандық велотуризмді дамытуды армандаймын» дейді саяхатшы. Ең қызығы, велосипедші өзімен бірге еліміздің Мемлекеттік туын үнемі алып жүреді.«Менің саяхатымның мақсаты – мемлекеттік нышандарды құрметтеуді және велотуризмді дамытуды насихаттау», дейді саяхатшы Нұрәлі Айтеленов.

Саяхатшы велосипедті айдауға да, әлеуметтік желідегі блогын жүргізуге де үлгереді. Ал оны көрген тұрғындар Нұрәліге тыныс тіршілігі жайлы айтып, елдімекендегі мәселелерімен бөліседі. Ол жол, жаңа күре жол салу сияқты проблемалар.

Нұрәлі Әйтеленов:»Мәселен, мен Күйік асуынан өткенде жолдың бетондалғанын көрдім. Құрылыс жұмыстары жолдың бойында сауда жасайтын адамдардың кәсібіне кері әсерін тигізуде. Неге жаңа жол салады, ескі жолды жөндеуге болмас па еді. Енді құрылыстың кесірінен адамдар оларды айналып өтуде».

Саяхатшы күнделікті 50-60 шақырымдық жол жүреді. Жүк салатын жерде киім-кешегі, тамағы мен төсегі бар. Сапардың басым бөлігінде жайдарлы адамдар кездеседі дейді ол. Олар қонаққа шақырып, түнеуімді де сұранады. Велосипедімді жөндеуге көмектесткендер де болды дейді саяхатшы.

«Сапарымның соңында Атырауда 16 желтоқсанда боламын деп жоспарлаудамын. Ол үшін 600 шақырым жол жүріп өтуім керек. Қиындықтар да болады, әрине. Құрғап қалған Арал теңізінің түбінен де өтуге тура келеді. Саяхатымды жалғастыру үшін демеушілер қажет-ақ. Бірақ әзірге ешкім ниет білдірген жоқ» дейді саяхатшы.

Нұрәлі Айтеленовтың үлкен арманы – велосипедпен әлемді шарлап өту. Саяхаты барысында ол туған байтақ Қазақстанды кеңінен насихаттауды көздейді.

Шынар Оразова