Шымкентте Украинадан келген саяхатшыны тонап кеткен күдіктілер ұсталды

94

Жуырда ғана Украинадан келген велосаяхатшыны тонап кеткендігі туралы хабарлаған болатынбыз. Күні кеше велосаяхатшыға шабуыл жасап, ұрып-соғып, тонап кеткен күдіктілер ұсталды.

Тамыз айының басында Владимир Галигузов өзі туып-өскен Шымкент қаласына саяхаттап келген болатын. Велосаяхатшы түнде палаткада түнеген кезде белгісіз үш адам Владимирды ұрып-соғып, қабырғасын сындырған және қажетті заттары мен ірі сомадағы ақшасын ұрлап кеткен. 1000 АҚШ доллары мен бірнеше мың теңгесі жоғалған. Осының салдарынан саяхаттауды тоқтатуға мәжбүр болды.

Қылмыс жасады деген күдікпен Шымкент қаласының үш кәмелетке толмаған тұрғыны ұсталды. 17 жастағы тонаушылар велотуристің заттарының бір бөлігін қайтарды. Владимир Галигузов Әл-Фараби ауданының полицейлеріне жұмыстары үшін алғыс айтты.

БАҚ-та украиналық велотуриспен болған оқиға жарияланғаннан кейін, Шымкент қаласы туризм басқармасы мен «SHYMQALA» хостелінің меншік иесі туристі алған жарақаты оңалғанша хостелге жатқызды. Қала тұрғындары да қарап қалған жоқ. қолдан келгенше көмек қолын созған.

Шымкенттегі велоқауымдастық мүшесі саналатын Андрей есімді меценаттың күшімен саяхатшының велосипеді жөндеуден өтті. Күн сайын қала тұрғындары саяхатшыға келіп, дәрі-дәрмектері мен басқа да қажетті заттарын жеткізіп тұрды.