Шымкентте эпидақуал жақсарып, жоспарлы оталар қолға алына бастады. Қалада ұзақ үзілістен кейін бүйрек алмастыру бойынша алғашқы операциялар жасалды. Ұзақ уақыт кезегін күткен екі науқасқа донорлық бүйрек трансплантацияланды.
Туған аналары балаларына органдарын бөліп беріп, екінші өмір сыйлады. Кезінде көкпарға қатысып, волейбол ойнаған 25 жастағы Бейбіт Сейдазимов кейінгі жылдарын аурухана төсегінде өткізуге мәжбүр болған. Осыдан 5 жыл бұрын Бейбіттің қан қысымы көтеріліп, араға екі жыл салып, екі бүйрегі де істен шығыпты. «Дерт дендеген сайын тіпті жүруден қалдым» дейді ол.
Ал Гүлжанат Ибраева донорды ұлының күтпеуі мүмкін екенін түсінген кезде бүйрегін өзі беруге ұйғарған. Оның үстіне көбіне донорлыққа пациенттердің туыстары сәйкес келеді. Баласының аянышты жағдайын көрген ана осылайша перзентіне екінші өмір сыйлады.
Гүлжанат Ибраева, донор: «Үйдегі ұлдарым ағзаларын беретін болған. Мен оған келіспедім. Сөйтіп өзім беруді шештім».
Бейбітке операция жасалған күні Түймебай Асылбекке де өз анасы қол ұшын созған-ды. Ұлының өміріне алаңдаған әйел органымен бөлісіп ерлік жасады.
Түймебай Асылбек: «2017 жылы менің қан қысымым көтерілді, еш жерден инъекция жасай алмадым, гемодиализ болды. Содан кейін анам жеткілікті деді және донор болуды шешті. Анама ризамын».
Осылайша туыстық трансплантациялар бір күнде жасалды. Бүгін олар үйлеріне шығарылды. Эпиджағдай бері қараған сәтте жергілкті ақ халаттылар жоспарлы оталарға кірісіп кетті.
Вячеслав ЛИ, бөлім басшысы: «Біз донорлар мен реципиеттердің жай-күйіне алаңдадық. Иммуносупрессиялық терапия бар екенін ескере отырып, осындай жауапкершілікті өзімізге алдық. Бірақ Құдайға шүкір, біз оларды ковидке сынап көрдік. Қазіргі уақытта жағдай қанағаттанарлық, тұрақтанды. Бүйрек анализі: несепнәр, креатинин қазірдің өзінде төмендейді. Операциядан кейін бірнеше сағаттан кейін тест нәтижелері жақсарып, оң динамика болды».
Трансплантацияланған бүйрекпен пациенттер 50 жылға дейін өмір сүре алады дейді дәрігерлер. Пациенттер тиісті ем-дом шараларын қабылдап, мамандардың қадағалауында болады. Соңғы жеті жыл ішінде бірінші қалалық клиникалық ауруханада бүйрек алмастыру бойынша 160 операция жасалыпты.
Мақпал РЫСБАЕВА