Шымкенттегі аялдамалар ақын-жазушылар туралы мәліметтермен безендірілетін болады. Қаладағы қоғамдық көліктер күтетін орындарда Абай, Әл-Фараби, Майлы қожа сияқты ұлтымыздың қаймақтарынан құралған қаламгерлердің суреттері мен туындылары ілінеді. Бұл жобаны бүгін билік өкілдері зиялы қауымға ұсынып көрді.
Шымкент аялдамаларында енді мынадай түрлі хабарландыулардың орнына берері мол мәліметтер ілінеді. Қоғамдық орындар Абай, Әл-Фараби, Біржан сал, Майлы қожа сияқты ұлтымыздың мақтаныштарына айналған дара тұлғалар туралы деректермен безендіріледі. Билік өкілдері бұл жобасын бүгін зиялылардың, жергілікті ақын-жазушылардың талқысына ұсынып көрді.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Бұл әлі концепция. Аялдамаларымыз осылай сөйлеп тұрса деген бастама. Бүгін сіздердің талқылауларыңызға ұсынып отырмыз».
Шенеуніктер жобасымен қаламгерлер жіті танысып шықты. Қолдау білдіргенмен зиялылар концепциядағы кемшіліктерді де іркіп қалған жоқ. Олар аялдамаларға ұсынылып отырған ақын-шайырлардың қатарын толықтыру қажет деп есептейді. Жобада шығармашылығы шырайлы қаламен сабақтасатын қаламгерлер ұмыт қалыпты.
Мархабат БАЙҒҰТ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Міржақып Дулатов. Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұсынов сияқты біздің маңдайалды қаламгерлеріміз жоқ. Әлі де бұл тізімді толықтыра түсу керек. Грамматикалық қателер бар, соларды да ескеру керек деген ойдамын».
Қаладағы аялдамалар ғана емес жуырда «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының атауы да өзгермек. Біздің арнаның атауымен аттас рухани орталық енді Әл Фараби аталуы мүмкін. Себебі, шымкентітктер тарту еткен Түркістан қаласынан бой көтеріп жатқан кітапханаға «Отырар» атауы беріледі екен. Бұл әзірге жоба болғанмен, әкімдіктегілер кітапхананы атауына қарай қалай безендірілетіні туралы тіпті ролик те әзірлеп қойған.
Ұлы ғұламаның ғылыми зерттеулері 7 бағытқа топтастырыла отырып, арнайы залдар тақырыпқа сай әрленеді дейді жоба жетекшілері. Алдағы уақытта бұл концепцияда осы талқылауларда айтылған ұсыныстар ескерілетін болады.
Мақпал Рысбаева