Тұтынушы құқығы аяқасты қалды

317

Биліктегілер тұтынушылар құқына алаңдай бастады. Бүгін Үкімет отырысында осы тақырып қаралды. Елімізде жыл басынан бері түрлі тауарлар мен қызметтердің сапасына көңілі толмаған халықтан бас-аяғы 8 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсіпті. Бұл ретте Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылар шағымын сотқа жеткізбей шешу жолын ұсынды.

Тұтынушы құқы ол сіз бен біздің, яғни халықтың мүддесі. Десе де әлеуметтің құқы мен мүддесі бүгінде басы ашық күйде қалып отыр. Себебі, халықтың арыз-шағымына салаға жауаптылар әлі де атүсті қарап келеді. Министрдің айтуынша, жүйенің бірде-бір қатысушысы тұтынушының мүддесіне толық көңіл аудармайды. Статистика сандары көбіне тұтынушылардың қанағаттанбауын көрсетіп отыр. Мұны тұтынушыларды мазалайтын сұрақтардың жылдан-жылға қайталанып отыратынынан-ақ аңғаруға болады. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда, медициналық қызмет және көлік салаларына қатысты арыздануышлар көп.

Бақыт СҰЛТАНОВ, Сауда және интеграция министрі: «Биыл тек Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 8 мыңға жуық азамат шағымданды, ал мемлекеттік органдар бойынша толық статистика жыл соңында жасалады. Бүгінде өтініштерді жинақтау мен талдау «қолмен басқару» режимінде жүргізілетінін және мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайтын және толық көріністі көрсететін автоматизация мен жеткілікті мағлұматтың жоқтығын атап өткім келеді. Аталған бірқатар мәселелер биылғы шілде айында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына енгізілген түзетулер арқылы шешіледі».

Бұл ретте кадр тапшылығының да қолды байлайтынын жоққа шығаруға болмайды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов заңнамаға өзгеріс енгізуде маман мәселесін ескеру қажет деп есептейді. Ол бұл ретте ол 2 млн халқы бар Түркістан облысын мысал етті.

Мұрат ӘБЕНОВ, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы: «3 – ақ маман қалай жетеді. Сарыағаш ауданы облыс орталығын алшақ жатыр. Олар не істеуі керек? Жуырда өңірде болған кезімде осындай поблемаға қанықтым».

Салаға жауаптылардың уәжін тыңдай келе Үкімет басшысы тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту үшін нақты тапсырмалар берді. Ол жылдың соңына дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қоғамдық ұйымдар бірлестігін құруды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет басшысы тұтынушы құқын қорғауда Германия, Сингапур елдерінің тәжірибесін үлгі етті. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдардың белсене қатысуы да көп мәселені шешетінін аңғартты.

Мақпал РЫСБАЕВА