«Еңбек демалысына шықсаңыз, Шымкентке келіңіз». Жергілікті әкімдік ұйымдастырған баспасөз туры аясында үшінші мегаполиске келген журналистер тобы осылай дейді.

Бірнеше күн бұрын БАҚ қызметкерлері шырайлы шаһардың көрнекті жерлерін аралап, қаланың тыныс-тіршілігіне қанықты. Әріптестеріне саяхаттан алған әсерімен бөлісті.
Еңбек демалысын өткізу үшін ғана емес, көпшілік Шымкентті өмір сүруге ыңғайлы шаһар ретінде де көреді. Осыған дейін әлемнің түрлі елдерін шарлаған шетелдік сахатшылар мен БАҚ өкілдері үшінші мегаполистің турист тартуда әлеуеті зор екенін айтады.

Өскеменнен келген журналисті шырайлы шаһардың өзіндік нақышы таң қалдырды. Әсіресе жылы шырайлы халқы ерекше дейді. Ақпараттық-туристік саяхатқа қатысқан әріптесіміздің назары бірден қалада атқарылып жатқан жол құрылысына түсіпті.

Наталья Шимолина, тілші: «Шымкенттің кемшіліктерін іздесеңіз де қаланың артықшылықтарына тап боласыз. Шаһарда саяхатшылар қызықтайтын орындар көп. Бір-бірінен алшақ жатқан нысандарға тақтайдай боп төселген жолдармен тез жете аласыз. Ал цитадельдің жөні тіпті бір бөлек».

БАҚ өкілдері жергілікті атқамінерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Балалар темір жолы мен ипподромның жайын сұрады.

Мақсұт Исақов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Ол жерде жағдай былай. КСРО ыдыраған кезде бұл жолдың көптеген учаскелері жеке меншікке өтті, содан кейін жолға жақын учаскелер бар, бұл қауіпті. Бірақ, әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұл мәселеге жетекшілік етпеймін, бірақ халықаралық ережелерге сәйкес ипподром салуға дайын инвестор бар екенін білемін. Уақыт көрсетеді!».

Әріптестер Шымкентке енді наурыз айында тағы да келеді. Қошқар ата өзені маңында өтетін Наурыз думанындағы салтанатты шараларды тамашалайтын болады. Ол кезде қалада жайқалған қызғалдақтарды қызықтауға да мүмкіндік туады.

Мақпал РЫСБАЕВА