Велосипедтер қайтарылды

116

Шымкентте велосипедті жалға алу мүмкіндігі туды. Велотұрақтардың жұмысы қайта іске қосылды. Қаладағы сауда нүктелерінде абонементтерге арналған карталар сатылуда. Бұл қызмет қымбаттады ма?Ескі төлем карталары қаншалықты жарамды?

Шымкент тұрғыны Әмина Әбуова жаяу жүріп әбден шаршағанын айтады. Шаруаларын велосипедте жүріп тындыратын бойжеткен спорт түрінің денсаулыққа да пайдалы екенін айтады. Велотұрақтар жұмысының қайта жанданғанын естіген ол бірден абономент алуға кірісті. Құжаттарды толтырғаннан кейін-ақ Әмина велосипедті жалдауға құқық алды. Шымкент логотипі бар спорттық велосипедтер техникалық тұрғыдан тескерілген. Тежегіштерінен бастап себетіне дейін мамандардың бақылауынан өтіпті.

Әмина ӘБУОВА,  Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің ойымша, бұл өте ыңғайлы. Студенттер үшін тиімді. Маған студент ретінде жеңілдік жасалды. Қалада қазір веложолдар да көбейіп, жақсарып келеді».

Осыдан бірер ай бұрын велосипед станциялары қаңырап бос қалған-ды. Shymkent bike жобасы жарты жылдай тоқтап қалды. Бірінші қыркүйектен бастап 40 велостанцияға 160 велосипед қайтарылды. Абонемент сатылатын кассалар да жұмыс істей бастайды.

Талғат ТӨЛЕГЕНОВ, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:» Айлық абоненттік төлем 2,5 мың теңге, 3 ай — 6 мың теңге және бір жылға — 10 мың теңге. 30 минутқа дейін бізде тегін, бірінші сағат 100 теңге, екінші сағат 250 теңге, үшінші сағат 500 теңге, х сағаттан жоғары 1000 теңге».

Алғашқы күні «Shymkent bike» кассасынан 11 қолданушы абонемент сатып алды. 20-ға жуық тұрғын ескі карталарының мерзімін ұзартты дейді салаға жауаптылар.

Талғат ТӨЛЕГЕНОВ, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
«Қалада жылдан-жылға веложолдар да ұзарып келеді. Жыл соңына дейін 15 шақырым веложол салынады деп күтілуде. Ал күзде қала тұрғындары велосипедтерге арналған арнайы жабындылармен жүре алады».

Мақпал Рысбаева