Ағарту жұмыстары тұрақты негізде өз жалғасын табатын болады

128

Бүгінде адалдықты ту етіп, парақорлықтан бойды аулақ ұстау қажеттігін дәріптейтін түрлі ақпараттық, ағартушылық бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың қоғамға қауіпті індеттен бойын аулақ ұстауына септігін тигізері анық.

Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Түлкібас ауданына болып, жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесу өткізді.

Парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген келелі басқосуға Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт пен оның орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиында «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді жоюдың маңыздылығы ортаға салынды.

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары: «Бірінші басшылардың дербес жуапкершілігі мен ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар баршылық, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен алдын алу, ішкі талдау және жедел бағыттар бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда».

Түлкібас ауданында 2019-2020 жылдар аралығында орын алған пара беру жағдайлары көбіне жәрдемақы тағайындау, жер телімін беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында орын алған.

Жиын соңында парақорлыққа жол берген азаматтарға көрілетін жаза түрі қатаң екендігі ескертіліп, ел игілігі жолында адал қызмет ету қажеттілігі түсіндірілді.
Алдағы уақытта да Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында облысқа қарасты барлық аудандардың активі мен өңір жұртшылығына ағарту жұмыстары тұрақты негізде өз жалғасын табатын болады.