«Бұрынғы келініміз ініме ренжіп, баланы сабайды»

213
Parental divorce is a strong psychological impact on the child.

Редакциямызға хабарласқан оқырманымыз інісінің тағдырын баяндайды. Анасы таңдаған қызға үйленіп, ажырасып, бірақ ажырасса да үйіне келіп алатын бұрынғы келіншегінің әрекетіне қарсы амалы қалмаған інісінің өмірі әркімнің санасына ой салар, деп оқырман хатын қаз-қалпында жарияладық.

«Оңтүстік Рабат» газетінің «Тағдыр» айдарынан қаншама адамның хикаясын оқып жүрміз. Кез келген адамның басынан қандай қиыншылық өтсе де тағдырына мойынсұнбай, жақсылыққа ұмтылса, Жаратқанның бұйырар бақытынан үмітін үзбесе, бәрі жақсы болатынына сенетін адаммын.
Редакцияға хат жазуымның себебі – інімнің тағдырын баяндағым келеді. Інім кішкентайынан өте мейірімді, ақылды болып өсті. Қолынан келгенше үш әпкесіне көмектесетін. Сабақты да жақсы оқыды. Университетті аяқтаған соң, өзі қалаған құрылыс саласына жұмысқа орналасты.
Ұл бала болса да отбасымызда ешқандай мәселе туындатқан емес. Тіпті балалармен сөзге де келмейтін. Жоғары оқу орнын бітірген соң, ата-анамыз оның отбасылы болғанын қалады.
Жан-жақтан ұлдарына лайық келін іздеуді бастады. Інім кішкентайынан анамызды еш ренжітпейтін. Айтқанымен жүрді. Олар қалағандай жақсы бала болуға тырысты.
Бір күні анамыз достарының танысының қызын келін қылып алуды қалады. Інім ол қызды бастапқыда ұнатпаса да шешеміздің көңілін қалдырмау үшін келісім берді. Екі жақтың ата-анасы танысты да, жастар бірнеше рет кездескен соң апыл-ғұпыл той болды. Екі жас бір-бірін танып та үлгерген жоқ.
Үлкен кісілердің ойынша, олардың жас кезінде жігіт пен қыз бір-бірін көрген соң бірден шаңырақ көтерген немесе бір-бірін мүлдем көрмей жатып, әулет үлкендерінің қалауымен отбасын құрған.
Мұндайдан ешкім жаман болмағанын айтқан анамыз баласының сол қызбен бақытты болып кететініне сенімді еді. Жүзі бал-бұл жайнап тойға дайындалған анамыздың көңіліне су сепкісі келмеген інім оның жақсы келін таңдағанына сенді.
Бір күні ініммен ашық сөйлескім келді. Егер ол қызға үйленуді қаламаса, мұның бәрі болмайтынан айттым. Әке-шешемізге ашық айтса, таңдауына құрметпен қарайтынан да жеткіздім. Бірақ ол бәріне разы екенін айтты.
Сонымен тойға дайындық басталып кетті. Біз әпкелері келінімізді бір көргеніміз болмаса, босағамызды аттамас бұрын онымен сөйлесуге мүмкіндік тумады.
Улап-шулап жүріп бір ай ішінде қызға сырға да салып, құда түстік. Ұзатып алдық та, үлкен тойды бірден атқардық.
Ата-анамыздың қуанышында шек жоқ. Жалғыз ұлын үйлендіріп, армандары орындалғандай болды.
Алайда бәрі анам ойлағандай керемет болмады. Келініміз – келін емес, кесір болып шықты. Шаңырағымызға келген соң 2-3 ай өтпей үлкендерге сөз қайтаратын болды. Барлық жағдайы жасалып тұрса да ешқашан ештеңге көңілі толмайтын. Үнемі шағым айтудан жалықпады. Сәл келіспеушілік болса, бірден заттарын жинап, үйіне қашып кететін.
Әке-шешесі де үнемі қызының сөзін сөйлейтін. Әкем мен шешем інімді ертіп барып, 5-6 рет қайтып кеткен жерінен алып келді. Оның қылықтарын жастыққа балады.
Сол кездері аяғы ауыр болатын. «Баласын дүниеге алып келген соң, ақыл кіреді» деп сенді. Бірақ, келініміз босанған соң тіпті мүлдем басқа адамға айналды. Ешкімді тыңдамайды. «Тек өзінің айтқаны ғана болсын» деп ойлайды. Барлық арманы – бөлек шығып, ата-ененің қолында тұрмау еді. Ал інім оның бұл қалауымен келіспеді. Әке-шешем оған күн көрсетпей отырса, мейлі ғой. Анамыздың мінезі бар. Арасында қаттырақ ұрысқанын көтере алмайды екен. Ақыры «отбасыларының шырқы бұзылмасын» деп, оларды бөлек шығарды.
Егер бөлек жіберсек, бақытты болып кетер деп ойласа керек. Бірақ мен оның адам болуынан үмітімді үзген едім. Психологиялық ауытқуы бар сияқты көрінетін.
Сымбатты, ақылды інімнің құр сүлдері қалды. Үнемі ұнжырғасы түсіп жүретін болды. Жұмысынан көп сөгіс естиді. Мұның бәрі үйдің тұңғышы ретінде менің жаныма қатты батты. Оларды бөлек шығарған соң да келін кесірлігін қоя алмады. Мереке күндері қара шаңыраққа барғысы келген күйеуін жібермейді екен. Келсе де міндетті түрде шу шығарып, анаммен сөзге келіп қайтатын.
Бір күні тіпті дастархан басында шешемізге ыстық шай құйылған кесені лақтырып, біз күтпеген әрекет жасады. Содан кейін оларды үйге шақыруды да қойдық. Білуімше, бөлек шыққан соң да шатақ мінезін қоймапты.
Бауырымыздың кір киімін жумайды екен, тіпті дұрыс тамақ жасап бермейтінін де білдік.
Баласына да дұрыс қарамағанын білген соң әпкелері інімізді ажыратып алуды жөн санадық. Сондай жақсы інімізді қор қылғанына төзе алмадық. Не керек арадағы көптеген кикілжіңнен соң, олар ажырасты. Бірақ бала анасында қалды.
Інім әке-шешеміздің үйіне қайтты. Қатты басылып қалған.
Ол әйел ажырасса да өмірімізден толық кетпеді. Естуімізше баласын үнемі сабайды екен. Анам мен ініме деген өкпе-ызасының ақысын баласынан алатын көрінеді.
Оны білетіндердің бәрі миында ауытқу бар екенін айтады. Тіпті туысқандары да солай айтты. Ал «баланы біз алайық» десек, бергісі келмейді. Мүлдем бермейді. «Сап-сау баланы мүгедек қылып қоя ма» деп қатты қорқамыз. Біз жалынып та сұрадық. Бірақ ол айтқанынан қайтпайды. Анам қатты қартайып кетті.
Баласына соншама қыздың арасынан таңдап алған келіні жынды болып шығады, деп қайдан ойласын.
«Өзін кінәлі санап, ауру болып қалды» десем артық емес. Үнемі басы ауырады. Мүмкін ата-анамнан, інімнен кеткен қателік те болған шығар. Бірақ әйел деген баласы, жары, отбасы үшін бәрін істеуі керек қой.
«Баласын әкесінен айырған соң жақсы болдым» деп отыр ма? Ал інім баласын қатты сағынады. Үнемі ойлайды. Көруге барса, мүлдем көрсетпейді. Жолатпайды да.
Бауырымыз екінші рет отбасын құруға жүрегі дауаламайды.
Кішкентай баласы әбден тұйықталып, ешкіммен араласпайды екен. Шаңырағымыздың жалғасы болатын балапанның сондай күйде жүруі бізді қатты қинайды. Жүрегімізді ауыртатыны да сол баланың тағдыры болып тұр.
Ең сорақысы – олардың ажырасқанына 3-4 жыл өтсе де біздің шаңырақта қандай жиын болмасын әке-шешесі және өзі шақырылмаса да келіп отырып алады. Соңында міндетті түрде шу шығарып кетеді. Кіргізбей қойсақ, үйіміздің сыртында тұрып алып, өткен-кеткенге аузына келгенін айтады.
Өз абыройы түскенімен жұмысы жоқ, «бізге қиын қылдым» деп ойлайтын сияқты. Әке-шешесі бұл әрекеті дұрыс емес екенін айтпайды.
Егер олар бала күнінен дұрыс тәрбие берсе, мүмкін бұлай болмас па еді. Тап қазір осындай қиын жағдайда жүрміз.
Інімізді бірнеше жылда әрең-әрең адам қатарына қостық. Бұрынғыдай үнемі күліп-ойнап жүргенін қалаймыз. Алайда ініміздің бар көңілі – ұлында. Үнемі ойлап, кейде жылап та алады.
Ол әйел баласын әкесіне жау қылып қоймаса жарар еді. Бірақ солай болары анық.
Ал анамыз үнемі өзін кінәлі санап, ауру болып қалды. «Жалғыз ұлымның қалауын елемей, өзім таңдаған қызды келін етіп, тағдырын тас-талқан еттім» деп жылайды да отырады.
Біздің де бар ойымыз – бала. Кішкентай балапанды қинамай әкесіне берсе, ата-анам өте жақсы тәрбие беріп өсірер еді.
Амал жоқ, мейірімі түсіп, ақыл кіріп, бала әкесін танып-біліп өсуі керек екенін түсінер, деген үмітіміз әлі де бар. Бұл тілеуіміз тек арманға айналып қалмаса болғаны.
Сөз соңында айтпағым – қазақтан ешқашан сөз артылмаған екен. Халық айтса, қалт айтпайды ғо.
Еркектің басын төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де әйел екеніне көзім жетті. Бұл сөздің мағынасын жіті түсіндім.
Әулетімізде болған оқиғалар – бұған дәлел.