Бүгінде ұрлықты кәсіп еткендердің қарасы азаймай тұрған шақта «барымташылардың» түр-түрі бой көрсетуде. Бірі ірі дүниелерге ауыз салса, енді бірі ұсақ-түйекті ді үптеп кете береді.
Жуырда Арыс қаласында орын алған ұрлық жәйті біраз жұрттың езуіне күлкі үйірілтті.
Суық қолды қораптағы кафель төсемелері мен ас үй пышақтарын үптеп кетіпті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 20 мың теңгені құрайды.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап, куәгерлерден жауаптар алды, сондай-ақ күдікті адамдарды іздестіру бойынша басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Арыс АПБ полицейлері бір тәулік ішінде күдіктіні «ізін суытпай» ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, ұры алыстан келмепті. Жәбірленушінің туыс ағасы болып шықты. Күдікті азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған.
Күдікті ұрлап алған мүліктерді сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсамақ болғанын мойындады. Заттай айғақ ретінде тәркіленген ұрланған заттарды полицейлер заңды иесіне қайтарып берді.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Тергеу тобы күдіктінің басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.
Тәртіп сақшылары қай нәрсеге де ұсақ түйек деп қарамай, қырағы болуға шақырады.