Қос премьераны қанжығаға байлаған Театр

112

Аманат!..
Алдыңда әлі ұлы күндер,
Қайта оралып түрігімдер.
Бөлінгенді – бөрі жейді,
Бірігіңдер, бірігіңдер!

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 87-маусым шымылдығы кешегі өткен бабалар рухын жаңғырта отырып – бүгінгі өркениеттің пәрменімен тарыдай тарап кетпеуге шақыратын «Аманат» атты этно-композициялық толғауымен ашылды.
Шаниндіктер пандемияның қиындығымен күресе жүріп, қос бірдей премьераны қанжығасына байлады.
Әрине, көрермен залының лық толы отырғанына не жетсін? Уақыт талабына орай 500 орындық көрермен залына 50 көрерменді ғана қабылдауға мәжбүр болдық. Бұл күн де өтіп, жақсы күндердің келетіне сенелік.

«Аманаттан» түйін тарқатсақ:
«Ұлы Тұран даласын кімдер мекендеген?» деген сұрақ туындай қалса, бір ауыздан сонау Сақ дәуірінде «Шаһтардың шаһы» – жеті патшалықты бағындырған даңықты қолбасшы Кир патшаның басын шапқан, соңына ере келген жер қайысқан қалың қолын талқандап, туған топырағынан келмес-ке түре қуған әйгілі анамыз – Томирис патшайымды ауызға аламыз.
Томирис анамыздың «Ұлы даламның еркіндігін өздеріңе аманат етемін!..» деп бізге қалдырған өсиетінен басталатын қойылым Тұран даласының сан қилы кезеңін көрерменге хореографиялық шешім арқылы көркейте жеткізіп, көне дәуір үнімен дабыл қақты.
Қазақ мемлекетінің уығын шаншыған Керей-Жәнібек,
Ұлт тағдырына тебіренген Абай ақын,
Арыстың жағасынан ән жолдаған Шәмші…
Иә, биылғы ашылу салтанатымыз нақтылы қойылымнан өзгеше.
«Әдеттегі қойылымның орнына неге концерттік бағдарламамен ашты?» деген орынды сұрақ қоюыңыз бек мүмкін.
Баршаңызға мәлім, 2020 жыл – Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай театрдың шығармашылық ұжымы «Ұлы дала үні» болып, бабалар өткен тарихқа бүгінгі ұрпақтың көзімен шолу жасауға бел шешті.
Тарихтан тағылымның да көрерменге берері мол екенін ескерсек, толғауымыздың орынды қойылым болғанына күмәніңіз сейілері хақ.

Араға аз күн сала премьерасы өткен екінші «Қол» психологиялық абсурдтың авторы осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз болғандықтан, анау айтты пікір жазудың өзі қиынға соққанын жасыру қажет болмас.
Пьесаның негізгі арқалап тұрған идеясы: өзгені – өзіңдей көр, қиянат жасама, Адам сөзіне лайық бол.
Әлбетте, кәнігі театр көрермені болмаса «Қоғам қайда барады?..» деген пәлсапаға құрылған қойылымды тосыннан келген көрермен бірден қабылдауы қиынға түсері хақ.
Десе де, жеңіл-желпі дүниеден – салмағын таразылайтын дүниеге қарай ұмтылғанның артығы болмас. Бағасын көрермен берсін делік.
Шектеу қойылған кезеңде Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры Инстаграмм және Фейсбук парақтарында Дулат Исабеков, Иран Ғайып, Гүлжамал Қазақбаева, Құлбек Ергөбек, Түймехан Атымтаева, Роза Мұқанова сынды қазақтың айтулы тұлғаларымен онлайн-сұхбаттар жүргізіп, театр мен әдебиет әлеміндегі үндестікке ой толғады.
Қиындықсыз театр жоқ. Шанин театрының да өз қиындығы баршылық.
Десе де, жаңа маусым басталғанға дейін театр басшысы Қайрат Қарғабаев, қол қусырып отырмай, келер көрерменге хош көңіл сыйларлықтай ғимараттың іші-сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа маусымды етек-жеңін жинақы дайындықпен бастады.
Әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойға орай алдағы уақытта Ұлы Ұстаз өміріне арналған жаңа премьерамызды дайындалып жатқанымызы құлағдар етеміз.

Сая Қасымбек,
Жұмат Шанин атындағы
Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының
Әдебиет бөлім меңгерушісі,
драматург