Бүгінде «қолдан келмейтін іс жоқ» деп санайтын қушыкештер небір қитұрқы істерге барып, заңсыздықтарға жол беруде. Алайда мұндай алаяқтарды заң басынан сипамайтыны анық.
Түркістан облысында полицейлер Ресейден әкелінген көліктерге жалған техникалық байқаудан өтті деген құжат берген 2 күдіктіні құрықтады. Олар Түркістан қаласының жергілікті тұрғындары болып шықты.
Құрманбек Сахов, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі: «Түркістан қаласының жергілікті басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, екі азаматтың Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктерді жалған техникалық байқаудан өткізіп, құжаттандырып отырғаны туралы көрсетеді.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 385-бабы 2 бөлігімен «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» тіркеуге алып, іс қозғайды. Қылмыстық іс бойынша, полицейлер тексеру жүргізіп жатқан кезде, 2-ші бір жергілікті тұрғын келіп арызданады. Ол да екі азаматтың жалған құжат бергендігін жеткізеді.
Полиция қызметкерлері жалған құжатпен айналысқан белгісіз тұлғаларды ұстауға қатысты барлық жедел шараларды атқарады. Нәтижесінде Түркістан қаласындағы дүңгіршектердің бірінде Ресейден әкелінген көліктерге жалған құжат беріп отырған екі күдікті тұлға құрықталады. Ұсталған екі ер азамат Түркістан қаласының жергілікті тұрғындары болып шықты. Сондай-ақ олардың заңсыз жұмыс орны саналған дүңгіршегінен айғақты зат ретінде заңсыз құжаттар алынды.
Қазіргі таңда олардың қылмыстарының құрбаны қанша екендігі мен басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Тергеу амалдары жалғасуда. Ал күдіктілер қолхатта».
Жалған құжат жасаумен айналысқан екеудің тартар жазасы да жеңіл болмасы анық.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары алаяқтардан сақ болуыға кеңес береді.