Түркістанға саяхат қолайырақ болады

315

Қазіргі уақытта әлемдік пандемия жағдайында рекреациялық және сауықтыру туризміне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда Түркістан облысының аумақтық орналасуы өз артықшылықтарға және де аталмыш салаларды дамыту үшін үлкен әлеуетке ие.

Бүгінгі таңда «Түркістан» ӘКК» АҚ (бұдан әрі – ӘКК) инвестор-серіктеспен бірлесіп «Сайрам-Өгем ұлттық паркі» МҰТП аумағында «Қасқасу» тау-кен инфрақұрылымы мен туристік-рекреациялық кешенін салу» бойынша өңіріміздегі ең ірі жобалардың бірін жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 20 млрд. теңгеден астам соманы құрайды.

Басқарма Төрайымы Айгүл Ахмеджанованың айтуы бойынша, 280 га жер телімінде орналасқан халықаралық деңгейдегі курорт 2025 жылға қарай күніне 5 мыңға жуық туристті рекреациялық және сауықтыру туризмі аясында жыл бойы қабылдай алатын әлеуетке ие болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жоба аясында 2022 жылға қарай 356 жұмыс орны, 2025 жылғы қарай 1500 жуық жұмыс орны пайда болады деп күтілуде.

Түркістан қаласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде облыс орталығында ақпараттық-мультимедиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 2021 жылдың соңына дейін 215 жарнамалық құрылым орнату жоспарлануда. Бүгінгі күні серіктес-инвестордың есебінен жалпы сомасы 400 млн. теңгеден астам 34 жарнамалық құрылым орнатылып, жобаның бірінші кезеңі аяқталды.

Туризм саласында ӘКК Түркістан қаласында «Turkistan Bike» автоматтандырылған велопрокат жүйесін енгізу бойынша әлеуметтік жобаны іске асыруда. Бұл жоба аясында қала бойынша 40 велосипеді бар 5 велобекет орнатылды. Пилоттық жоба сәтті іске қосылып, қазіргі уақытта жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары арасында үлкен сұранысқа ие.

Бұдан басқа, ӘКК туристер үшін қажылық және тарихи-мәдени бағыттарды байланыстыратын жолдарда қолайлы инфрақұрылымдық жағдайлар жасауды жоспарлап отыр. ӘКК-нің туристік бағыттағы қызметі түркі әлемінің рухани астанасының дамуына үлес қосып, Түркістан қаласының әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қажылар мен туристтердің тартылу орталығына айналуына мүмкіндік береді деп жоспарлануда.