Карантиннің кесірін кәсіпкерлер де тартып отыр. Аурушаңдық белең алған тұста еліміздегі орта және шағын бизнес өкілдерінің жұмысы тоқырап, қып-қызыл шығынға батты. Осыны ескерген сенат депутаттары бүгін бизнесмендердің салығы жеңілдетілген заң жобасын қабылдады.
Сондай-ақ, жоғары палата өкілдері инвесторларға жасалып отырған жаңа мүмкіндіктерге қатысты түзетулерді де қарап шықты. Үкімет іскерлер қауымын қалай жарылқамақ?
Бүгін Сенат отырысында салық мәселесі қозғалды. Депутаттар карантинде шаруасы шатқаяқтап, қып-қызыл шығынға батқан кәсіпкерлердің салығын 3 пайызға дейін төмендеткен заң жобасын қабылдады. Пандемияның «салқынын» сезген секторды қолдау үшін бизнесті қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтан 2 жылға босату ұсынылды.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, Сенат спикері: «Кәсіпкерлердің жағдайы мәлім қазір. Карантин кезінде олардың 30 пайызы жұмысын тоқтатты. Сондықтан жан-жақты қолдау қажет. Бұл Президенттің Жолдауындағы тапсырма».
Айта кетейік, салық кодексіне айтарлықтай өзгерістер енгізіліп отыр. Заң жобасында көп пәтерлі тұрғын үйлердегі пәтер иелері үшін жер салығы жойылды. Сондай-ақ, депутаттар экономиканың басым салаларына инвестиция салуға дайын инвесторларға арналған «нөлдік мөлшерлемені» енгізуді ұсынды.
Инвестициялардың көлеміне, мерзіміне және жұмыс орнына байланысты инвесторлар корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, қосымша құн салығынан және мүлік салығынан 10 жылға дейінгі мерзімге босатылады. Мұндай ерекше жағдай бүгінгідей қиын-қыстауда нарықта сұранысқа ие тауарлардың тапшылығын болдырмай, экспортқа шығаруға қабілетті жаңа өндірістерді бастауға мүмкіндік береді екен.
Сағындық ЛҰҚПАНОВ, сенатор: «Қазіргі жағдайда әлемде инвестициялар үшін бәсекелестік байқалып отыр. Ол экономиканың барлық салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдауды талап етеді. Шетелдік капиталды тартудың жаңа құралдарын енгізу қажет».
Ал депутат Мұрат Бақтиярұлы байлық салығын енгізуді ұсынды. Пікірінше, тәуелсіздік алған жылдары халықтың байы мен кедейінің арасындағы алшақтық қатты байқалған. Осы келеңсіздікке алаңдаған сенатор яхталар, ұшақтар, элиталы жылжымайтын мүліктер, қымбат автоөкөліктер, зергерлік бұйымдарға салық салудың уақыты жетті дейді.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор: «Ауқатты қазақстандықтар халық алдында әлеуметтік жауапкершілікте болуға және өз байлығын елдің дамуына бағыттауы тиіс. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының ішінде халықтың бай мен кедей топтарының арасындағы алшақтық айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Бұл жерде мәселе яхталар, ұшақтар, элиталы жылжымайтын мүліктер, қымбат автоөкліктер, зергерлік бұйымдар секілді сән-салтанатты заттарға салық салуға қатысты болып отыр. Байлық салығын енгізу – салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп есептеймін».
Руслан ДӘЛЕНОВ , Ұлттық экономика министрі: «Әрине мұндай жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта салық салуда әділ принциптер қарастырылған, ал байлыққа салық салу — тиімді тәсілдердің бірі. Мүліктің құны жоғары болса, онда, әрине, cалық көп болады. Көлік салығы бойынша да осындай айырмашылық бар, ол 8 мыңнан 600 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ, алкоголь, темекі, акциздерге қосымша салықтар алынады».
Айта кетейік, елімізде көлікке салық төлеу кейінге қалдырылуы мүмкін. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін көлік салығын төлеуді ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыруды ұсынды.
Мақпал РЫСБАЕВА