Қымбат көліктер мен жылжымайтын мүлікке байлық салығы енгізіледі

54
Ұсыныс қабылданса, қымбат бағалы көліктердің иелерінің қалтасына салмақ түседі

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров байлық салығы жылжымайтын мүлікке қалай салынатынын айтты.

Қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы жаңа Салық кодексін талқылауға кірісті. Осы құжатқа байлық салығы да енгізіледі. Оны қымбат көліктерге, жеке меншік яхталар мен ұшақтарға салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бір адамның атына тіркелген жылжымайтын мүліктің санына қарай төленуі мүмкін.
«Бұл – қазіргі ұсыныстардың бірі. Жылжымайтын мүліктің санына, белгілі бір санынан асқан кезде салық салу, мәселен, бір жеке тұлғаның атында көп жылжымайтын мүлік болса, қосымша салық салынады, я болмаса, жылжымайтын мүліктің бағасына қарай төленеді. Біз барлық ұсынысты қарап шығамыз», – деді Қуантыров сенатта өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, байлық салығы тек ауқатты адамдарға ғана салынады.
«Бұл салық оны төлей алатын ауқатты адамдарға салынады. Оларға қатты тимейді»,- деп атап көрсетті Қуантыров.
Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа Салық кодексі кеңінен талқыланады. Ал күзге қарай парламентке енгізіледі. 2024 жылдан бастап жаңа кодекс күшіне енеді деген жоспар бар. Онымен бірге байлық салығы да енгізіледі.