63 жасында күйеуі соққыға жығып, үйден қуып шыққан

130

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық жас талғамайды екен. Отасқанына 40-50 жыл болып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келген отбасыларда да әйелін соққыға жығу оқиғалары кездеседі. Мұның бір дәлелі – Мариям апаның (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді – ред.) хикаясы. Қазір дүниежүзінде дәстүрлі «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр. Бұл акция тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы агрессорларды анықтап, олармен жұмыс істеуге арналады. Осы акция кезінде «КӨМЕК» оңалту орталығына барып, сондағы қоныстанушылардың мұнда келу себебін білдік. Мариям апаның да оқиғасын сонда естідік.

40 ЖЫЛ ОТАСҚАН

63 жастағы Мариям апа мен күйеуі Марат (аты-жөні өзгертілді-ред.) екеуі шаңырақ көтеріп, некелескендеріне 40 жылдан асқан. Ерлі-зайыптылар сонау студент кезінде танысып, достық соңы махаббатқа айналып, отау құрған.
Бір ұл, бір қыз дүниеге келеді. Бала-шағаның қамы үшін талмай еңбектеніп, «өз баспанамыз болсын» деп саудаға шығады. Күні-түні кәсіп қылып, көп уақыты базарда өтеді. Отағасы сырттан тауар жеткізсе, отанасы соны сатады. Ал балалары үнемі анасының жанында болып, балалық шақтарын базар сөресінің жанында өткізді.
– Дүниенің соңын қуып, «бақыт кілті – байлықта» деп жүріп, ұл-қызымыздың тәрбиесіне мән бермеппіз. Мұның әсіресе ұл бала психологиясына, мінез-құлқына теріс әсер тигізетінін білмеппіз. Балаларымыз «не жейміз, не ішеміз» деп уайымдамасын, басқалардан кем болмасын» деп күні-түні жұмыс істеп, олардың барлық қажет заттарын алып беруге тырыстық. Мұндай ас та төк молшылық баланы бұзады екен. Әсіресе, ұл балам ақшаның буына мастанып, жаман жолға түсіп кетті. Ішімдіктен аузы құрғамайды. Ақшаны оңды-солды шашып жүрді,-дейді Мәриям апа.

Ұлының жүрісі сұйылып кеткен соң ата-анасы оны үйлендіреді. Сондағы ойы – «отбасын құрса өзгереді». Алайда жалғыз ұл үйленгеннен кейін де ішімдікке сылқия тойып, келіншегін сабайды. Күйеуінен күнде зәбір көрген келіні құнтақтаулы сәбиін ата-енесіне тастап, Ресейге кетіп қалыпты. Ал ұлының із-түссіз жоғалғанына бірнеше жыл болған. Қанша іздеу салса да оны таба алмапты.

Ұлының өмірі шым-шытырыққа айналып, ақыры хабар-ошарсыз кеткені аздай, қызы да қиын тұрмыс кешіп жатыр.

Солтүстік өңірдің жігітімен көңіл қосып, шаңырақ көтерген қызының бес баласы бар. Айтуынша, күйеуі күнде ұрып-соғады. Сонда да ата-анасының қолына қайта келуге намыстанып, күйеуінің ұртоқпағынан шықпай, азап өмір сүріп келеді.

Ұрып-соғып, ҮЙДЕН ҚУҒАН

Қос перзентінің ауыр тағдыры ата-анаға ауыр. Десе де хабар-ошарсыз кеткен ұлы мен зорлықшыл күйеуінің қолындағы қызының амандығын тілеп, ұлдан туған немересін бағып-қағып, өсіріп жатады.
Алайда «перзенттерім» деп шырылдап, шырқырап жүргенде күйеуінің шалыс жүрісін байқамай қалыпты.

– Үйде немереміз екеуміз теледидар көріп отырғанбыз. Кешкісін күйеуім жұмыстан келді. Өзі мас. Жанында бір жас келіншек бар. Күйеуім маған: Бұл әйелдің құрсағында менің балам бар. Енді бізбен бірге осы үйде тұрады, деп шорт кесті. Мен абдырап, не болғанын түсінбей қалдым. Біреу үстіме мұздай су құйып жібергендей күйге түстім. Не айтарымды білмей: Кетсең, өздерің кетіңдер! Ұятсыз! Осы жасқа келгенде, ұялмайсың ба,-дедім. Күйеуім сөзімді құлағына да ілмеді. «Мен саған көрсетем кімнің кететінін» деп, отырған жерімде жағамнан ұстап, итеріп-итеріп далаға қуып шықты. Осылайша 63 жасымда немереммен далада қалдық,-деп күрсінді Мәриям апа.

Жолдасына сенетін, оның басқамен көңіл қосып жүретінін ойламаған кейіпкеріміздің жанына батқаны – үйге басқа әйел алып келгені емес, өзін өз шаңырағынан қуып шыққаны екен.
– Қайда барарымды білмей, көршіме барып, жағдайды баяндадым. Нағашы ағама қоңырау соқтым. Дереу келді. Ағам мен көршім күйеуіммен сөйлесті. Күйеуім ісінің оғаш екенін айтып, қызбалыққа салынғанын мойындап немерем екеумізді үйге кіргізді. Өзі сол әйелмен бірге кетіп қалды, -дейді Мариям.

Мәриям апайдың қорлығы мұнымен бітпейді. Қартайғанда күйеуі соққыға жығады.
Отағасы ертеңіне кешкісін үйге келіп, оны ұрып-соғып, өлімші етіп сабайды. Содан Мариям апа өз шаңырағын тастап, қашады. Қайда барарын білмей, дағдарыс орталығынан пана іздейді. Ағайын-туыс, дос-жаранға бармайды. Болған жайт туралы ешкімге тіс жармай, мәселесін өзі шешуге бел буады.

«ЕШНӘРСЕСІЗ, ДАЛАДА ҚАЛДЫМ»

– «Көмек» дағдарыс орталығы туралы осында болған бір қыздан естідім. Сөйтіп, немеремізбен келдік. Басқа түнейтін жер болмады. Қартайғанда абыройсыз қалған осы екен. Жұрт бетіне қарауға ұялдым. Сондықтан таныстардан, туыстардан бойымды аулақ ұстадым. Мұнда 4 ай тұрдық. Жолдасымда қайтару үшін бақсы-балгерге де бардым. Бірақ түк шықпады. Сөйтіп, «мұндай қорлыққа шыдағанша, ажырасқаным дұрыс» деген шешім қабылдадым. Ең болмаса ортақ мүлікті бөліспек болдым. Себебі, үй – менің маңдай теріммен тапқан мүлкім. Соны жарты жолдан қосылған бір әйелге беріп қоймауым керек, деп ойладым. Адвокатқа барып, кеңес алғанымда, үйдің банкте кепілде тұрғанын білдім. Ажырасқан күнде де үйден бір тиын да тимейді екен, – дейді кейіпкеріміз.

Қаншама жыдан бері маңдай термен тапқан үйінің кепілдікте тұрғанын есту тағы бір ауыр соққы болды. Сұрастыра келе, осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі «кәсіп бастаймын» деп үйді кепілге қойып, несиеге ақша алғанын біледі. Бастаған кәсібі шығынға ұшырапты. Таныстарына берген қарызы да қайтпай, тақырға отырады. Күйеуі осы күйігін басу үшін араққа салынып, бірақ үйді кепілге қойғанын да, бизнесі банкрот болғанын да әйеліне айтпайды. Отбасынан алшақтап, сырттан жылу іздепті. Сөйтіп, жас қызбен көңіл қосады.

Үйден үмітін үзген Мәриям өзін шынымен де шарасыз сезініп, дереу есін жинап, «қайтсем де шаңырағыма ораламын» деген мақсат қойды. Қара шаңырақта отырған қайынағасына барады. Мән-жайды айтып, көмек сұрайды. Дегенмен, қайынағасы бар кінәні бұған жауып, шығарып салады.
– 40 жыл бойы отасқанымызда еш сыйым болмағанын сол кезде білдім,-дейді ол.
Іші удай ашыса да сағы сынбайды. Өзі қоныстанған орталықтың заңгерлерінен көмек сұрайды. «КӨМЕК» оңалту орталығының басшысы Малика Жүсіпованың айтуынша, дағдарыс орталығының басты мақсаты – екі жақты татуластыру. Ал зорлықшыл күйеу татуласуға ниеттенбесе, істеген ісіне өкініп, отбасын сақтауға тырыспаса, онда орталықтағылар зәбір көрген әйелге психологиялық жәрдем беріп, өмірге қайта бейімделуіне көмектеседі.

ЖОҒАЛҒАН ҰЛЫН ТАУЫП БЕРДІ

– Мәриям апайға психологиялық көмек берді. Орталық мамандары оның күйеуімен сөйлесіп, екеуін татуластырмақ болды. Себебі, кеше ғана үйленген жас отбасы емес, 40 жылдан астам бірге өмір сүрген, жастары да 60-та асқан ерлі-зайыптылар. Алайда, отағасы күнде арақ ішеді екен. Сондықтан да ол кісімен сөйлесу процессі ұзаққа созылды. Әйтеуір, үш-төрт рет барып, әңгімеге тарттық. Алғашқы кездесу жақсы өтпеді. Ол кісі ашулы болды. Дауыс көтеріп, бізді тыңдағысы келмеді. Біз өзіміздің мақсатымыздан қайтпадық, – дейді Малика Жүсіпова.

Оңалту орталығының мамандары ерлі-зайыптылардың хабар-ошарсыз кеткен ұлын іздестіре бастайды. Бірнеше аптадан кейін ұлдарын Ресейдің Сол-Илецк қаласынан табады. Ол сондағы біреудің үйінде қара жұмысқа жегіліп, бір сөзбен айтқанда құл болып жүр екен. Оны құлдықтан азат етіп, Шымкентке алып келеді. Анасымен, баласымен қауыштырады. Барлық құжаттарын ресімдейді. Ол да орталықты паналап, басқаша өмір сұруге бейімделеді.

– Бұл жолы отағасына ұлымен бірге бардық. Баласын көріп, қатты қуанды. Отағасын сөзге тартқанымызда істеген ісіне өкінетінін байқадық. Ақымақ болғанын, отбасының астан-кестеңін шығарғанына өкінетінін айтты. Уақыт өте жас әйелге өзі емес, дүниесі, ақшасы керек болғанын түсініпті. Үйдің кепілде тұрғанын білген әйел құндақтаулы сәбиін алып, кетеді. Сөйтіп, жалғыз қалыпты. «Әйелімнен кешірім сұрауға бетім жоқ» деп, бізден кеңес сұрады, – дейді Малика Жүсіпова.

ОТБАСЫМЕН ҚАУЫШУ

Өмірде барлығы болады. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. 40 жыл бойы өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрген ерлі-зайыптыларға мамандар отбасын сақтап қалуға кеңес берді.
– Бірақ бұл қадам біреудің үгіттеуімен емес, шын жүректен, көңілден болуы керек, әйтпесе нәтиже шықпайды,- дейді мамандар.
Отағасы орталыққа келіп әйелінен кешірім сұрайды. Жүрегіне қаяу түскен Мәриям кешірім беруге асықпайды. Дей тұрғанмен, ақыл парасаты, көрген-білгені, өмірден түйгені мол апа отбасына оралуды жөн көреді.
Осылайша «КӨМЕК» оңалту орталығы бір емес, екі бірдей отбасын қауыштырып, басын қосты.
Орталық мамандары кейіпкерлеріміздің жайлы өмірі үшін еш аянбай, ерлі-зайыптылардың кепілдікте тұрған үйінің несие қарызын өтеуіне жылу жинапты. Бұл жұмысты атқаруда орталық басшысы Малика Әбдірашқызының рөлі зор. Ол қаламыздағы жомарт жандардан қаржылай көмек сұрап барады.
Кәсіпкер барлық қажет сомасын толығымен бере алмаса да, қажет ақшаның үштен бір бөлігін беріпті. Қалған соманы Мәриям апаның ағалары жинапты. Осылайша үйлерін банк кепілдігінен босатады.
Ал жас босанған әйел Мариямның күйеуінен алимент талап ете бастайды. Үйді бөлісуді талап етіп, сотқа арыз жазады. Дәл осы кезде дағдарыс орталығының мамандары бұл отбасына қайта көмектеседі. Сәбиге ДНК сараптама жасатып, туған баласы емес екені анықталады.

Бүгінде Мариям мен Мараттың отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Кезінде әбден қиналып, күйзеліп, әбіржіген Мәриям апа қазір бақытты. Күйеуі жанында, қызмет етіп шапқылап жүр.

АНЫҚТАМА:
«КӨМЕК» оңалту орталығы 2017 жылы ашылған. Бұл орталықта әлімжеттікке ұшыраған жандарға көмектеседі. Әуел баста 20 орынға шақталған екен.
2018 жылы 55 орынға кеңейтілді.
Орталық ашылғалы 578 адам көмек сұрап, жүгінген. Олардың 287-іне мемлекеттік тапсырыс аясында әлеуметтік және құқықтық көмек беріліпті. 108 адам орталыққа орналастырылған.
Жеке қаржы есебінен 132 адам көмек алып, 78-і орналасқан.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандары мұнда 6 айға дейін паналайды. Осы аралықта олар әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек алады. Кәсіби оқу курсына қатысып, жұмыс табуына жәрдемдеседі.

«КӨМЕК» оңалту орталығының мекенжайы:
Шымкент қаласы, Водопьянов көшесі, 1Б үй
Байланыс телефондары:
8 707 025 29 54 8 702 432 61 32
8 702 502 25 03 8 705 372 22 27
8 701 477 83 59

«Ontustik Rabat» газетінің №49-50 санында (03.12.2020ж) жарық көрді
«Үрейін жеңгендер» жобасының екінші мақаласын
дайындаған: beine.pro шығармашылық тобы

Бұл жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің «MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асты.