ANTIKOR.LIVE: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДЫ КҮШЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЗАҢ НОРМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

240

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев Аntikor ortalyǵyнда брифинг берді.

«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында өткен онлайн брифинг барысында Т.Серікбаев Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралардан хабардар етті.

«Өздеріңізге мәлім өткен жылдың соңында қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі институты, нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру, биылғы жылы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің сыйлықтар алуына толық тыйым салу, комплаенс-қызметтер институты енгізіліп, сыбайлас жемқорлықтың субъектілері құрамы кеңейтілді» — деді спикер.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңына кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды.

«Тек екі жағдайға ғана қатысты ерекшеліктер қолданылады: бірінші – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының жасауы, екіншісі – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты» — деді ол.

Сонымен қатар. Т.Серікбаев сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды жазаны өтеу үшін бірден қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберу мүмкіндігін алып тастағандығына, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілгендігін атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағы бір жаңашылық — мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін шетелдік банктерден шоттар ашуға тыйым салуды енгізуге қатысты.
Мемлекеттік қызмет – бұл бірқатар шектеулерді қабылдауды көздейтін қызметтің ерекше түрі екендігін түсіну қажет» — деді спикер.

Сөзін қорытындылай келе, Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық бастамаларды қабылдау сыбайлас жемқорлықпен күреске қосылған үлкен үлес болып, қоғамның билікке деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдіретінін жеткізді.

Сонымен қатар, жемқорлықпен күресте белсенділік танытуға ниет білдірген азаматтарды Департаментпен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.