«Күйеуімнің опасыздығы балаларыма теріс әсер етуінен қорқамын»

129

Күйеуі бір емес бірнеше рет опасыздық жасаған әйел редакцияға хат жолдап, хикаясын жазыпты. Жолдасының опасыздығына балалары үшін көз жұмып қарап келген әйел бұл әрекетінің соңы перзенттерінің тәрбиесіне теріс әсер етуінен қорқады.

Сәлеметсіздер ме? «Оңтүстік Рабат» газетінің «Тағдыр» айдарында жарияланатын түрлі тағдыр иелерінің хатын үнемі оқимын.
Ешкімге тіс жарып айта алмайтын сырымды сіздерге хат жазып, жария етуді жөн көрдім. Күйеуім екеуіміз осыдан 6 жыл бұрын шаңырақ көтердік.
Оған дейін бір жылдан астам уақыт қыз-жігіт болып жүрдік. Маған өлең арнап, естігенді елжірететін тамаша сөздерін айтып, «басымды айналдырып алды» десем артық айтқаным емес.
«Біз, әйелдер қауымы, көзбен емес құлақпен тыңдап жақсы көреміз» деген рас екен. Оның әдебиетке жақындығы маған да ұнайтын. Біз кездескенде тек күліп-ойнап қайтатынбыз. Ол қалжыңды да өте жақсы айтатын.
«Маған арнап жаздым» деп керемет сөздерден өрілген өлең жолдарын оқығанда, жанында жүретін достары: «Осы өлеңді қанша қызға «саған арнап жаздым» деп айттың» деп қалжыңдайтын.
Сол кезде достарының сөзіне мән бермеппін. Кейін келе сол сөздер де бекер айтылмағанын түсіндім.
Уақыт зымырап өтіп, үйлендік. Жап-жақсы отбасылық өміріміз жалғасып жатты. Дүниеге ұлымыз келді. Бірақ менен тыныштық кеткеніне біраз уақыт болған еді, өйткені күйеуімнің басқа қыздармен қыдырып, соларға өлең шығарып жүргенін еститінмін. Бастапқыда бұған да мән бермедім.
Кейін келе жақын құрбыларымнан естігенде алаңдай бастадым. Ол – отбасына өте жақсы адам. Баласын жанындай жақсы көреді. Мені де құрметтеп, сыйлайды.
Маған көңілі толмайтынын көрсетер ешқандай әрекетке барған емес. Үнемі көңілді жүретін адам, бірақ құлағыма үздіксіз жететін алып-қашпа сөздер мазамды қашыра бастады. Тыныш ұйқыдан қалдым.
Естігендеріме өсек ретінде қарасам да жаным тыныштық таппады.
«Ол менің көзіме шөп салып жүр ме?» деген күдік күн өткен сайын ұлғайды. Нақты дәлел болмаса да, естіген сөздерден кейін жан жарымнан суына бастадым. Көңілсіздік жайлады. Өзім енді босанған жас анамын. Соңына түсіп аңдитын шамам жоқ еді. Балама қарауым керек. Балапанымды бағып-қағып, сылап-сипауды үйреніп жүргенімде бірнеше ай да өте шықты.
Бір күні құрбыларыммен жиналдық. Сол жерде әңгімеден әңгіме шығып, күйеуімнің қыз-жігіт болып жүрген кезде маған арнап жазған өлеңін басқа да бірнеше қызға оқып бергені жайлы әңгіме болды.
Қыздар мұны қылжың ретінде айтып отырса да өте бір жайсыз күйге түстім. Ештеңе білдірмеуге тырыстым. «Баламның мазасы қашты» деп ертерек қайтып кеттім. Үйге келіп, ұзақ ойландым.
Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Не болса да оның телефонын ақтарып көруге бекіндім. Бұрын оған екі көзім жұмулы сеніп, телефонын қолыма алып ақтарған емеспін. Ол да мұны біліп, менен ұялы телефонын жасырмайтын.
Күйеуім кешке жұмыстан келді. Әдеттегідей оны күліп қарсы алдым. Шай-тамағын дайындап жатып, жуынып алуын өтіндім. Жуынатын бөлмеге кеткен де телефонын алып тексердім.
Хат алмасқан адамдардың тізіміне қарасам бәрі еркек есімдері болды. Бір де бір әйел атын көрмеген соң ыңғайсызданып, телефонды орнына қойдым да күйеуімнен босқа күдіктенгенім үшін өзімді жәбірледім. «Сөзге мән бермеймін» деп ойладым.
Алайда уақыт өткен сайын ол жайлы айтылған жағымсыз әңгіме көбеймесе азаймады. Сосын ең жақын құрбыммен сөйлестім. Оның естігендері де көңілімді көншітпеді.
Жолдасымның телефонын тексергенімде бір де бір әйелмен хат алмаспағанын айттым. Ол маған аңқау екенімді, сол еркек есімдермен жазысқан хаттарды ашып қарауымды сұрады.
Күйеуім кешке үйге келген соң, амалын тауып тағы да телефонын қолға түсірдім. Хат алмасқан еркек есімдердің бірінде, құрбым айтқандай, әйел адаммен сөйлескен. Сөйтсем күйеуім қулық жасап, жас қыздардың атына ер адам есімін жазып, сақтап, оларға махаббат жайлы сан түрлі өлеңдер жіберіпті. Жазған әңгімесіне қарасаңыз, сол қызға қатты ғашық болып қалған адамның әңгімесі дерсіз.
Қатты ашуландым да жуынып жатқан жерінен телефонын бетіне лақтырып, заттарымды жинап, кетуге бекіндім. Бірақ ата-енем рұқсат бермеді. Күйеуім зыр жүгіріп, жағдайды түсіндіруге тырысып бақты. Оны тыңдағым да келмеді. Ата-анасы не болса түнде ешқайда бармай күтуімді өтінді. «Қайда барсаң да таңертең барарсың» деп мені сабырға шақырды.
Ертеңінде олар бізді отырғызып сөйлесті. Әңгімені сыртқа шығармай арамызда шешуді жөн көрген. Баласын кінәлады. Күйеуімнің айтуынша, ол тек хат жазысады, бірақ артық әрекеттерге бармапты. Енді қайталанбайтынын, өлердегі сөзін айтып кешірім сұрады. Отбасы үлкендерінің сөзін тыңдап, бұл жағдай сыртқа шықпауына келісім бердім. Ата-енем баласының сазайын берді. Осыдан кейін күйеуім күнде гүл алып келіп, барынша көңілімді аулауға тырысты. Бір рет күдіктенген көңіл екінші рет тыншымайды екен.
«Ол тағы кімге қандай әдемі сөздер арнап, миын айналдырып жүр» деген сауал ойымнан кетпейді. Бір күні маған жас қыз хабарласты. Айтуынша, мен күйеуімнің бақытты болуына кедергі келтіріп жүр екенмін. Сондықтан жағдайды ушықтырмай ажырасуымды сұрады. Сол сәтте қалай абдырап қалғанымды түсіндіре алмаймын. Күйеуімнің үйге келуін күттім да қыздың аты-жөнін айтып, «бақытты болуына кедергі келтіргім келмейді» деп, кете салатынымды, баласын ешқашан көрсетпейтінімді ескерттім.
Содан үйіме барып, 2 айдан астам уақыт кешірім бермедім. Ол болса әке-шешесімен күн сайын келіп, кешірім сұрап жүрді.
Не керек, мен де тағы кешірім беріп, кері қайттым. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші ол бұл әдетін тастамады.
Араға 5-6 ай салып, тағы да әдетіне басады. Бұл жағдай 6 жылда 3-4 рет қайталанды. Мен айтқанына сеніп, балаларым үшін оны кешіріп келдім.
Соңғы кезде көп ойланам. Өзімді бағаламайтын сияқтымын. «Балаларым» деп өз қадірімді, абыройымды аяққа басып жүрмін бе» деген ой жиі мазалайды.
Әйеліне бір рет опасыздық жасаған адам екінші рет те, үшінші рет те сондай әрекетке бара береді екен.
Сондықтан «күдік әлемінде күн кешпей, жолымды айырсам ба» деп ойлап жүрмін. 6 жыл біреулер үшін аз, енді біреулер үшін көп уақыт шығар.
Осы уақыт аралығында бұл әрекетін қоя алмаған адам бұдан кейін де қоймайтын сияқты.
Жақындарым енді бір он шақты жылдан соң күйеуім менің қолыма қарап қалатынын айтып, шыдамдылық танытуымды қалайды.
Егер бұлай жүре берсем, өзіме құрметім, өзіме деген сыйластығым жоғалатын сияқты.
Абысындарыммен келіспеушілік болып қалғанда олар маған өз-өзімді сыйламайтын әйел екенімді айтып, үнемі бетіме басады.
Күйеуіме деген ешқандай сезім де, сый-құрмет те қалмаған. Тек балаларым үшін шыдап келемін.
Мұндай ата-анамен бірге тұру оларға тек зиян келтіретін сияқты.

Жазып алған — Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №48, 26 қараша 2020 ж