Шымкенттегі «Патруль» деп аталатын жеке күзет агенттігінің қызметкері өзін атып жіберді. Оқыс оқиға түнгі сағат 03:00-де күзет көлігінің ішінде болған. Күзет агенттігінің қызметкері Шүкіржан Қыдыров травматикалық тапаншаның шүріппесін басып, басынан ауыр жарақат алған. Ес-түссіз ауруханаға жеткізілген азаматтың өмірімен дәрігерлер арпалысып жатыр. 31 жастағы тепсе темір үзетін жігітт тірі қалған күннің өзінде мүгедек болып шығуы бек мүмкін.
Оқыс оқиға 10-шы желтоқсан күні түнгі сағат 3-тер шамасында Шымкенттің орталық көшелерінің бірінде болған. Банктердің бірін күзетіп тұрған көлік ішінен атылған қарудың дауысы естілген. Сөйітсе, рөлде отырған Шүкіржан қолындағы травматикалық тапаншадан жараланыпты. Ал жанында отырған серігі ұйықтап кеткен екен. Сондықтан нақты не жағдай болғанын білмейді. Қас — қағым сәтте болған оқыс оқиғадан жараланған азамат ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.
Тапаншадан атылған оқ күзетшінің дәл маңдайынан тиіпті. Жараланған азаматқа бірнеше сағат бойы ота жасалып, Шүкіржанның тірі қалғанына шүкіршілік етіп отыр. Ауыр жарақат алған күзет қызметкері қазір ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр.
Бабур Юсупов, нейрохирург: «Жарақат алған жері маңдай мен шеке жері, оң жағынан. Бір оқ алынды. Науқаста көп қан жоғалтқан. Қан компоненттері құйылған отадан кейін».
Шүкіржан Қыдыров қызмет еткен «Патруль» күзет агенттігінде де түннен бері маза қашқан. Ішпейтін, спортқа жақын жігіттің өз-өзіне қол жұмсауына себеп жоқ дейді мұндағылар. Ол жанындағы серігімен таңғы 9-ға дейін банк алдында отыруы керек болған екен. 200-ге тарта күзетшісі бар агенттік басшылары жаралы қызметкерге жан-жақты жағдай жасауға дайынбыз дегенді алға атртып отыр.
Алмас Батырбеков, күзет агенттігінің директоры: «Болжам айта алмай отырмыз, себебі ондай қылықты не болмаса оның мінезін байқамадық. Енді осы бізде төбемізден жай түскендей боп отыр. Материалдық жағынан көмектесеміз. Мән-жайды анықтаймыз. Болмаса адаптациялық мекемелерге емдетуге қол ұшын береміз. Біз оған дайынбыз. Біз тарапымыздан ешқандай қысым болмаған».
Бұл іс бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тергеуді бастап кетті. Шүкіржанның травматикалық қаруы да сараптамаға жөнелтілді. Ал бір ажалдан аман қалған азаматтың қашанға дейін ауруханада болатынын ешкім айта алмайды. Былтыр ғана отбасын құрған жігітті үйінде ата-анасы мен аяғы ауыр келіншегі жандарын шүберекке түйіп күтіп отыр.
Ғалымжан Кенжебек