Қару сақтау қауіпті

2665

Бүгінде аңшылық мақсатта не жеке басының қауіпсіздігі үшін қару сатып алатындар баршылық. Қару сатып алу – қиынның қиыны. Қаншама құжат жинау қажет. Сатып алғаннан кейін сақтау да оңай емес. Талаптары жетерлік.

фото: Р. Атажанова

Еліміздегі қару айналымы 1998 жылы 30 желтоқсандағы қабылданған «ҚР аумағында жекелеген қару айналымын бақылау туралы» №339 Заңына сәйкес реттеледі.
Қарулар бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша үш түрге:
1) жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару;
2) азаматтық қару;
3) қызметтік қару болып бөлінеді.
Біз осы үш түрдің ішінен азаматтық қару ұстаудың талап-ережелерін қарастырамыз. Өйткені, жеке тұлғалардың иемденуіне осы азаматтық қару беріледі. Бірақ оны ұстау мен оны сақтаудың да біз білмейтін сан қатпарлы қырлары бар екен. Көп сауалымызға ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің аға инспекторы Нұрсұлтан Жанбаев жауап берді.

фото: Р. Атажанова

Қару сатып алуға қажет құжат
Азаматтық қаруға ҚР азаматтарының өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс.
Аталған заңдағы азаматтық қару иемденуге қатысты 2012 жылы 3 тамызда № 11/76 Үкімет қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес ел аумағына ойық ұңғылы, тегіс ұңғылы, газды тапанша, травматикалық, электрошокер кіргізуге рұқсат етілген. Бүгінде жеке азаматтарға ойық ұңғылы, тегіс ұңғылы, газды тапанша, электрошокер иемденуге рұқсат берілген. Ал жарақат салатын травматикалық қару ұстау заңды тұлғаларға, яғни, күзет агенттіктері сынды серіктестіктерге ғана рұқсат етілген.

Азаматтар қару иелену үшін өзінің тұрғылықты жері бойынша қару иеленуге қарсылық жоқтығы туралы медициналық қорытынды алуы керек. Бұдан бөлек Шымкент қаласындағы «Динамо» дене шынықтыру, спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ОҚО филиалында қаруды қауіпсіз пайдалану ережесі жайлы толық оқу курсынан өтеді. Курсты тәмамдаған соң анықтама беріледі. Курс 2 күндік, жалпы 14 сағатты құрайды. Оқу ақылы. Бағасы – 1 500 теңге. Оқу курсынан өту үшін жеке куәліктің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы №108 анықтама, соттылығы жоқтығы туралы анықтама әкеліп өткізуі тиіс.

Фото: Р.Атажанова

Қару иемденгені үшін салық төлейді
Салық кодексіне сәйкес қаруды пайдаланғаны үшін мемлекеттік баж салығын төлейді. Қаруды сатып алатын кезде 1 АЕК-тің 50 пайызын (1 250 тг), кейін сақтау мен алып жүру үшін тағы да 1 АЕК-тің 50 пайызын (1 250 тг) төлейді. Бұдан кейін тіркеу үшін 1 АЕК-нің 10 пайызын (241 тг) төлеуі керек.

Содан кейін анықтама мен түбіртектерін алып, тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ына барып, электронды цифрлық қолтаңбасымен Е-лицензия порталы арқылы Ішкі істер органдарына өтініш білдіреді. Өтініш келіп түскен соң, оны Ішкі істер органдарындағы қару айналымын бақылау инспекторлары қарайды. Өтінішті қарау мерзімі – 15 күн. Өтініш иесін арнайы деректер базасынан тексереді. Бәрі заңды, дұрыс болса, өтініш білдірген қаруына сатып алу рұқсат қағазын береді. Сол рұқсат қағазымен аңшы дүкендеріне барады.

ОҚО-да 8 аңшы дүкені бар. Бесеуі – Шымкент қаласында, қалғандары Сарыағаш, Мақтарал, Түркістан аудандарында. Сол дүкендерден рұқсат қағаздарын көрсетіп, сатып алады. Қару ешқашан осы рұқсат қағазынсыз сатылмайды. Қағазда бәрі жазулы тұрады. Аңшы дүкендері рұқсат қағазына қарудың калибрі, маркасы, нөмірін бәрін жазып толтырады. Қаруды сатып алғаннан кейін қайтадан Ішкі істер органына келіп тіркеледі. Содан кейін ғана азаматтарға қаруды алып жүру мен сақтауға екінші рұқсат қағазы беріледі.

Қару сақтаудың тәртібі мен жауапкершілігі
Қаруды сатып алғаннан кейінгі атқарылатын шаруа да шаш етектен. Сақтаудың да талаптары бар. Азаматтар қаруды өзге адамдар қол сұқпайтын бөлмеде, темір жәшікте (сейф) сақтайды. Темір жәшік еденге, не болмаса қабырғаға мықтап бекітіледі. Қалалық жерде тұратындар қару сақтайтын сейфке дабыл жүйесін орнатуы қажет. Ал ауылдағылар дабыл түймесін орнатуы өз еркінде. Ауыл тұрғындарына міндеттелмейді. Қалада тұратындардың кейбірі күзет агенттігімен келісімшартқа отырады. Олардың үйі осы күзетпен күзетіледі. Мұндай жағдайда дабыл жүйесін орнату міндеттелмейді. Бірақ әлбетте сейфте тұруы тиіс.

Фото: Р. Атажанова

Сондай-ақ, қару иесі күнделікті өзін-өзі қорғау мақсатында газды тапанша, электрошокер алып жүруіне рұқсат етіледі. Бірақ ашық түрде емес, арнайы қорабында болуы керек.
Қару иелері есеп тапсырмайды. Жылына бір рет тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция инспекторы қару иесінің үйіне келіп қару сақтау жағдайын тексереді. Қару иесі инспекторды үйіне кіргізіп, қару сақтау жағдайын полицейге көрсетуге міндетті. Қаруға рұқсат 5 жылға беріледі. Рұқсат мерзімі аяқталардан бір ай алдын қару иесі Ішкі істер органдарына барып, өтініш білдіріп, ары қарай тағы да 5 жылға ұзарта алады.
Егер заңды түрде қару алған азамат өз қаруына ие бола алмай, біреуге берсе ондай жағдайда қарумен ауыр қылмыс жасалған жағдайда қаруды атқан адам да, қару иесі де жауапқа тартылады. ҚР Қылмыстық кодекстің 289-бабы «Атыс қаруын ұқыпсыз сақтау» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қару иелері сатып алмас бұрын қаруды сақтаудың жауапкершіліктері туралы оқу курсынан өтті. Сондықтан жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды.

Мәселен, ойық ұңғылы қарулардың бәрі еліміздің аумағына кіргізілген уақытта ату жасалады. Ұңғының ішінде ойықтары болады. Ойықтар адамның саусақ таңбасы сияқты бір біріне мүлдем ұқсамайды. Олардың бәрі атылып, есепке алынады. Оқ есебіне қойылады. Егер қылмыс орын алған жағдайда атылған оқ табылса, оның иесін бірден тауып алады. Есепте тұрғандардың 60 пайызы аңшылық мақсатта алған. Газды баллондар есепке алынбайды. Шетелден әкелінген соң сәйкестік сертификаты тексеріледі кеденде. Содан кейін ғана дүкендерге түседі.

Қару сатып алуына РҰҚСАТ ЖОҚ
Наркологиялық, психдиспансерде есепте тұратын, сотталған, қасақана қылмыс жасаған, адам өліміне себепкер болған, соттылығы жойылмаған азаматтарға қару берілмейді. Олар басқа арнайы есепте тұрады. Осы есепте тұратындарға қару сатып алуға рұқсат етілмейді. Бұл жоғарыда аталған заңның 19-бабында көрсетілген. Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілері, терроризм, экстремизм бойынша арнайы есепте тұрғандарға да қару ұстауына рұқсат жоқ.

Қару сататын дүкендерге талап қатаң
Қару дүкендерін тексеру жоспарлы түрде жүзеге асырылады. 2017 жылы облыс бойынша 4 аңшылық дүкені әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. 2016 жылы 1 аңшылық дүкені сот арқылы 1 айға жұмысын тоқтатқан. Қару сататын дүкендерге қойылатын талап өте көп. Сақтау, тіркеу, қайта тіркеу ережесін бұзғаны үшін іс сотқа жолданады. Айыппұл салынады.

Қаладағы қару сататын дүкендердің біріне бас сұққанбыз. Сатушылардың бәрі үркек. Жауап беруден тайсалады. Бәрі құпия дегеннен ары аспады. Ал қару сататын дүкенде қарудың сан түрі самсап тұр. Аңшылық мақсаттағы, қорғануға арналған түрлері. Сейфтің де сан алуан түрі бар. Сыр суыртпақтап жүріп білгеніміз бес атар, екі атар тапаншаларға сұраныс баршылық. Газды тапаншалар 1990 жылдары сәнде болған. Бүгінде бұған сұраныс азайыпты. Қару сататын дүкен иелері өздерінің тасада қалғанын құп санайды. Яғни, бизнестің осы түрімен нан тауып жүргендерін жасырын ұстағанды жөн көреді. Түсінікті де…

Заңсыз қаруды сатып алу акциясы басталды
ҚР Ішкі Істер министрлігінің №266 бұйрығына сәйкес 10 сәуірден бастап заңсыз сақталған қару-жарақтарды қабылдау акциясы басталды. Егер азаматтың тіркелмеген қаруы болса, тұрғылықты жері бойынша Ішкі істер органдарына әкеліп өткізуі керек. Бұл үшін ең алдымен өтініш қағаздарын толтырады. Жеке куәлігімен келуі тиіс. Сонымен қатар банк есепшотының нөмірін өткізуі керек. Өткізген қаруының өтемақысы төленеді. Сол үшін арнайы комиссия құрылған. Қарудың бұрын қылмыстық істерге қатысы жоқ, тарихы таза болса, онда өтемақы төленеді. Егер де қарудың криминалдық қылмысқа қатысы болмаса, өз еркімен тапсырғаны үшін қандай да бір жауапкершілікке тартылмайды.
Егер азамат заңсыз қару сақтаған, оны өз еркімен өткізбеген болса, онда заңмен қудаланады. Өз еркімен өткізген жағдайда жауапкершілікке тартылмайды. Егер өткізбесе, полицейлер анықтап, тәркілеген жағдайда тіркелмеген, газды тапанша, тегіс ұңғылы қару болса, онда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 482-бабы бойынша әкімшілік жауапкершіліке тартылады. Оны материалдық сотта қарайды. Егер ойық ұңғылы, шолақ мылтық, тапаншамен қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 287 -ші бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Айыппұл 200 АЕК-іне тең (481 000 теңге) және түзеу жұмыстарына жегіледі не 60 тәуліккее дейін қамауға алынады. Сондай-ақ, 60 тәуліктен 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі де мүмкін.
Қаруды қабылдап алған соң криминалистер қарудың атылатынын, атылмайтынына, жалпы жағдайына сараптама жасайды. Атылатынға да, атылмайтын қаруға да өтемақы төленеді. Егер қару жаңа, жағдайы жақсы болса 100 пайыз өтемақы төленеді.
– Халықтың қолындағы заңсыз қаруды сатып алу 2021 жылға дейін жүргізіледі. Әр жылы акция уақыты ІІМ бекітеді. Өткен жылы азаматтардан қару сатып алуға 17 млн теңге бөлінген. Былтыр 193 азамат жалпы 351 қару тапсырды. Бәріне 1 айдың ішінде өтемақы төленген. Ал биыл акция басталған екі күннің ішінде 4 азаматтан өтініш түсті. Үшеуі қазығұрттық, біреуі түркістандық тұрғын. Олар 9 қару әкеліп тапсырыпты. Қазір комиссияда қаралып жатыр. 1 айдың ішінде өтемақы аударылады. Былтыр кентаулық азамат Ұлы Отан соғысынан қалған неміс автоматын әкеліп тапсырды. Атасы соғысқа қатысқан екен. «Атам әкелген» дейді. Тот басып, әбден ескірген. Музейге өткізейін деген екен, бірақ жағдайы жарамсыз деп танылған. Өте ерте заманғы қарулар да болады. Оларды ОҚО ІІД музейіне өткіземіз. Бірақ көп емес,-дейді Нұрсұлтан Жанбаев.
Акция барысында қабылданған қаруларды жою жұмыстары қатаң қадағаланады. Өз еркімен тапсырған, тәркіленген қаруларды жою үшін құрылған комиссияның құрамында өзіндік қауіпсіздік басқармасынан, прокуратурадан, тергеуден, жедел криминалдық полициядан барлығы 9 маман бар. Солардың қатысуымен қаруды сараптау, тексеру, одан кейін жою процесі жүргізіледі. Қаруды қабылдап алғаннан бастап пешке апарып, жойғанға дейінгі барлық процесс видеокамераға түсіріледі. Пеште, дәлірегі Фосфор зауытының аумағындағы «Феррум стор» атты арматура зауытының темір балқытатын пешінде балқытылады.

Нұрдәулет Қыбыраев, Қазығұрт ауданы, Жаңа базар ауылының тұрғыны:
– Атам аңшы болған. Өткізген қару атамнан қалған. Екі қару өткіздім. Бірі 1955 жылғы, екіншісі 1960 жылғы. Ескі аңшы мылтықтары ғой. Барлық өтініш қағаздарын толтырып, жеке куәлікпен өткіздім. «Енді бір айдан кейін өтемақы аласыңдар» деді.

 

 

Облыстағы қару иелерінің саны – 15 061

Олардың меншігіне – 18 546 қару тіркелген

4 897 қару иесі Шымкентте тұрады

Олардың иелігінде 6 253 қару тіркелген

Ербол Орынбаев, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт елді мекенінің тұрғыны:
– Акция туралы интернеттен естіп білдім. Атам Ұлы Отан соғысына қатысқан. Атамнан қалған мылтық еді. Заңсыз, яғни құжаттары жоқ болатын. Үш мылтық апарып өткіздім. Енді бір ай күту керек. Басқаларды да акцияға атсалысуға шақырар едім. Бұрыннан қалған, құжаты жоқ, заңдастырылмаған қаруды өткізіп жіберген дұрыс. Қанша дегенмен қару ғой.

Оқушылардың қолында қару қайдан жүр?
Арагідік мектеп оқушылары, студенттер арасында атыс болып, үрейді ұшыратыны бар. Осындайда мектеп оқушылары арасында атыс қарулары қайдан жүр деген сұрақ туындары хақ. Ішкі істер органдары тарапынан дәл осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, әр тәркіленген қарудың шығу тарихы жіті тексеріледі. Қару тәркіленген азаматтарды тергеу барысында анықталғандай көбісі Кеңес одағы кезіндегі қарулар болып шыққан. Дені шолақ мылтық, тегіс ұңғылы қарулар, 12, 16 калибрлі қарулар. Сол кезде қызмет атқару барысында пайдалану үшін жыл сайын қару таратқан. Қойшыларда, аңшыларда, қаладағы қоймаларда болды. Қарауылдарға беретін. Сарыағаштағы жүзім, Шардарадағы күріш егістіктерінің қарауылдарына аң, құстан қорғану үшін мылтық берген. Ауылдарда мәселен кейбір үйлерде қабырғаға қару іліп қоятын. Сәндік үшін.

Кеңес одағы кезінде қарулар 1981 жылдан есепке алына бастапты. Оның өзінде ойық ұңғылы қарулар ғана. 1981 жылдан кейін ғана тегіс ұңғылы қарулар есепке алына бастаған. Солардың барлығы да кеңес кезеңінен қалған есепсіз таратылған қарулар. Арнайы бөлім қарулардың қайда таратылғанын анықтамақ болып, сол бойынша облыстық мұрағатқа барып, архивті ақтарған. Сонда 1970-80 -ші жылдары «қорғау үшін, қорғану үшін» деп шешім шығарып, аудандарға қару таратыла бергені белгілі болыпты. Қазіргі акцияның мақсаты – сол кезде таратылған айналымдағы заңсыз қаруларды сатып алу. Оқушылардың, студенттердің қаруды қайдан алғанын тергеу барысында жазда апа-атасының ауылына барғанда, залда кілемнің үстінде ілулі тұрғанын көргендерін мәлімдеген. Кейін төбелес, не басқалай жағдайларда әлі жетпеген соң әлгі ілулі тұрған мылтық есіне түсіп, барып алып келіп өз мақсатына пайдаланғанын айтады.

Құқық қорғаушылар әр ауылды аралап, үйме үй тексеру жұмыстарын жүргізуге құқық берілмегенін алға тартады. Бірақ осы акцияның да көп пайдасы бар. Әр ауданға нұсқау жолданған. Плакаттар, үндеухаттар таратылады. Учаскелік полицейлер ауыл ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Гүлжан ЖҰМАШ