Шымкенттегі орыс драма театрында тұсау кесер.
Шымкенттегі бұл қойылымның тұсау кесеріне келген қонақтар опера әншілері орындаған классикалық ариялардың әуеніне қанықты.
«Милые грешницы» – әзілге толы қойылым. Көрермендер алғашқы сәттен жас ашынамен байланысқа тұруға ниетті жеңілтек келіншек пен оның ақымақ күйеуінің арасында өрбіген оқиғаға куә болды. Әйелін ақылға келтіру үшін күйеуі күнәхарлардың жауы мадам Флорентинаны көмекке шақырады. Бұл рөлді Галина Петриченко сомдайды.
Галина ПЕТРИЧЕНКО, орыс драма театрының әртісі: «Қойылым әзіл, ән мен биге толы. Бұл орта ғасырдан, біздің театр мұндай жанрда қойылым қойған емес. Бүгін алғаш рет көрерменге ұсынып отырмыз, қалай қабылдайтынын білмейміз. Менің образым екі жүзді әйел. Біз рөлімізді сомдағанда маска киеміз. Бұл ойын, әзілге толы».
Режиссерға қойылымды тым қысқа мерзімде сахнаға шығаруға тура келіпті. Актерлар қойылымдар арасында бір ай бойы тынымсыз дайындалғанын айтады.
Жан КАМАЛОВ, орыс драма театрының әртісі: «Уақыт өте аз болды. Бізде басқа да қойылымдар болатын. Дайындықты тоқтатпай, тыңғылықты жүргіздік. Әрине, күрделі болды, біз үшін желтоқсан айы үнемі ауыр соғады, жылдың соңы болғандықтан ба…».
«Неліктен, «Милые грешницы» таңдалды?» деген сұраққа театр директоры Игорь Вербицкий адамдар күйзеліс, жағымсыз жаңалықтардан, драмалардан әбден шаршағанын алға тартып отыр: «Қазір көрермендерге позитив сыйлайтын көңілді музыкалық қойылымдар керек. Карантинді бір сәтке ұмытып, жақсы ойласын десек, адамдарға қазір «Дядя Ваня», «Гамлеттен» гөрі осындай әзіл, жеңіл қойылымдар аса қажет» дейді.
Еңбектері зая кеткен жоқ, көрмендер керемет қойылым үшін әртістерге алғыстарын айтып, гүл шоқтарын сыйлап, қошемет көрсетті.
Шынар Оразова