«Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

284

 

Ағымдағы жылдың 15-желтоқсаны мен 2021 жылдың 7-қаңтары күндері аралығында Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардың пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдар айналымының белгіленген қағидаларын сақтауына бағытталған «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Аталған іс-шараға Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, Жергілікті полиция қызметі және Түркістан облысы ТЖД Азаматтық қорғау өкілдері жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде сатушылардың пиротехниканы сақтау, тасымалдау және пайдалану тәртібін, сондай-ақ сертификатталмаған пиротехникалық өнімді сатқаны үшін тәртіп бұзушыларды тексереді.

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбековтың айтуынша, «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу ең алдымен жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен ересектер арасында жарақат алу жағдайларының алдын алуға бағытталған. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері азаматтарды пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ жаңа жылдық өнімді тек оны өткізу үшін арнайы бөлінген сауда орындарынан сатып алуға шақырады.