Түркістан облысында баламалы энергия көздері қарқын алды. Өңірде тағы бір су электр станциясы пайда болды. Ең қызығы, ол таулы жерлердегі тік беткейлерде орнатылған. Есесіне үш елдімекенді электрмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қазіргі таңда сынақтан өтіп жатқан жаңа бекет расында өте тиімді.

Бұл жаңа су электр станциясы Қасқасу ауылында бой көтерді. Биік таулы жерде орналасқаннан кейін ерекше күтімді қажет етеді. Бір секунд ішінде 1 тонна тау суы осы құбыр арқылы өтеді екен. Күрделі жабдықты тек бірнеше қызметкер бақылауға алған.

Қалың мұзды өздігінен ерігенін күтпей, арнайы жару керек. Мұның салдары жаңа станцияның жұмысын тоқтатуы мүмкін. ​Мамандар Сайрам су өзенін барынша зерттеп шыққан. Бұл биіктік сағатына үш мегаватт өндіруге мүмкіндік береді.​ Алайда, қыстыгүні су деңгейі күрт төмендейді.

Ермек САРБАСОВ, Су электр станциясының директоры: «Бұл арнаны беткейлерге орнатуға арналған тасты тау жынысы. Техникалардың өте тік беткейлерде жұмыс істеуі күрделі болып, қиындықтар туғызды. Яғни, осы тас блоктарды қазып, беткейлерде жұмыс жасау мердігерлеріміз үшін де қауіпті процесс болған».

Бұл Төлеби ауданындағы экологиялық таза энергияны өндірудегі алғашқы тәжірибе. Жақын арада мұнда каскадты станциялар салу және осы суды төменгі ағыс бойынша қайта пайдалану жоспарланып отыр. Инвесторлар тарапынан түсіп жатқан ұсыныстар да жоқ емес дейді мамандар.

Айнұр ЖАРЫМБЕТОВА, Төлеби ауданының кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы: «Электр энергиясының тәуелсіз, баламалы көздері есебінен электр энергиясын беру сапасын арттыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда біздің ауданда осы бағытта тиісті әзірлемелерді жүргізіп жатқан бірнеше әлеуетті, мүдделі инвесторлар бар​».

Бүгінде шағын нысандарды дамытуға басымдық берілген. Өйткені, мұндай станциялар тіпті аз қуатпен де жергілікті тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, бұл электр бекеті үш елдімекенді жарықпен толық қамтамасыз ете алады.