Қазығұрт ауданында су электр станциясы салынады

72

Қазығұрт ауданын аралау барысында облыс әкімі ұзаққа созылған құрылыс жұмысы үшін жолға жауаптыларды сынға алды. Өмірзақ Шөкеев аудан әкіміне нысанға айына бірнеше рет барып, жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы жергілікті су электр станциясының құрылыс барысын тексеріп, ауданда егін жинау науқаны қалай жүріп жатқанын бақылап қайтты.

Бұл – Қазығұрт ауданындағы жөндеу жұмысы ұзаққа созылған жолдардың бірі. Облыс әкімі мердігерлерден не себепті құрлыстың ұзаққа созылғанын сұрады. Сондай-ақ, егер олар тапсырманы уақытында орындамаса, сотты болып, қара тізімге енетінін ескертті.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Сотқа береміз, қара тізімге енесің, содан кейін бір де бір нысан ала алмай қаласыңдар. Көп жерден алып қойғансыңдар, қалай аласыңдар мен түсінбеймін?! Анда да, мына жерде де «Базис-К», атын да әдейі сөйтіп қойғансыңдар, үлкен компаниямен шатастырып».

Енді алдағы уақытта аудан әкімі нысанға аптасына бірнеше рет барып тексеріп, Өмірзақ Шөкеевке құрылыс қарқыны жөнінде баяндап отырады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Ақыры сендер тендерді ұтып алдыңдар, ақшасы бар, проектысы бар, істеу керек қой енді. Осыған жете алмай жүрген қанша компания бар. Өте қатаң бақылауға алыңдар!».

Сонымен қатар, ауданда жаңа су электр станциясының да құрылысы аяқталуға жақын. Инвестиция көлемі – шамамен 400 млн. теңге. Нысанды іске қосқаннан кейін тек Қазығұрт ауданы ғана емес, Түркістан облысында да электрмен жабдықтау мәселесі туындамайды.

Өңір басшысының жұмыс сапарында жағымды жаңалықтар да бар. Биыл облыста егіннің түсімі көп болды. Өмірзақ Шөкеев қазығұрттық шаруаларға еткен еңбегі үшін алғысын білдірді. Биыл өңірде бес гектар аумақтан 50 тоннаға жуық бидай жиналып алынады.

Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі: «Егін орағы қарқынды жүріп жатыр. 70 пайызға жуық егін орылып қойды. 25-30 пайыздай қалып отыр.  Биыл егін шаруашылығы өнімдері өте жақсы деп айтуға болады. Былтыр қуаңшылық болған. Қазіргі таңда шаруалар алды 27-30 центнерге дейін өнім алуда. Жалпы орта есеппен ауданда 19-20 га көлемінде шаруалар өнім алуда».

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының аудандарын аралауды жалғастырады. Іссапардың басты мақсаты – жергілікті билік орындай алмайтын мәселелерді шешу.

Гүлдана Дәурен