Қашықтан оқыған студенттер сессияны да қашықтан тапсырады. Бұл туралы білім министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Жауаптылар сөзінше биыл елдегі оқу ордаларының 95 пайызы онлайн білім берген. Алайда онлайн сынақ тапсыруға кей студенттер көнбей отыр екен. Жарты жыл бойы үйден оқыған шәкірттер интернет желісінен күмәнданып отырған көрінеді.
Мирас Дәуленов, Білім және Ғылым вице-министрі: «Кей студенттер онлайн сынақ тапсыруға келіспей отыр. Осы уақытқа дейін қашықтан оқыған олар, енді келіп интернет желісіне күмәнданады. Олай болса басында үйден оқуға келіспеу керек еді. Біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Сынақты онлайн тапсырады».
Айта кетейік, студенттердің 84 пайызы өз үйлерінде қалып, білім алуға келіскен. Ал, қалғаны яғни, 7000-дай шәкірт университет жатақханасынан оқыған. Жалпы оқу жылы басталғаны педагогика, IT және гуманитарлық бағытта білім алып жүрген шәкірттер түгелдей онлайн оқуға көшті.
Ал медицина, ауыл шаруашылық және техника бағытындағылар шартты түрде оқыған. Білім министрлігіндегілер қысқы сессияны желтоқсан соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Назерке Үкібасова