Жедел жәрдем ғимаратының алдына бомба қойдым деген тұрғын қамалды

102

Жаңа жыл – көпшілігіміз асыға күтетін, көңілді отбасылық мерекелердің бірі. Баршамыз жылы үйде, жақындарымызбен бірге мерекені атап өтіп жатқанда, қоғамға аса қажетті кейбір сала мамандары өз қызметін атқарып жұмыста жүреді. Өйткені олардың қызметі кез-келген кезеңде маңызды әрі жауапты. Сондықтан біз мереке күні жұмыста болған әріптестеріміз, полиция қызметкерлерінің түнгі уақыттағы кезекшілігі қалай өтті, ескі жылды қандай оқиғамен аяқтады, сол жайлы оқиғаларының бірімен бөлісуді сұрадық…

Бүгінгі басты кейіпкерлеріміз 2019 жылдың 31 желтоқсанынан 2020 жылдың 1 қаңтарына қараған тәулікте кезекшілікке түскен Түркістан облысы Полиция департаменті Кезекшілік бөлімінің қызметкерлері полиция капитаны Ләзиз Тойметов пен Индира Әріпбаева.

Олардың айтуынша тек жаңа жыл ғана емес, жалпы барлық мереке демалыссыз, қызмет атқарумен өтеді. Өйткені полиция әрдайым қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, тұрғындардың тыныш ұйқысын күзетеді. Сондықтан Ләзиз бен Индира секілді тәртіп сақшылары үшін мерекелердің аса маңызы жоқ. Егер дәл сол күні жұмыста болса жұмыстарын күшейтілген режимде атқарады, ал үйде болып қалса отбасымен бірге дастарқан басында болуға тырысады. Десек те олардың отбастарымен бірге өткізген мерекелік күндері көп емес екен.

«Мәселен 2019 жылдың 31 желтоқсанында әріптесім Индира екеуміз кезекшілікте болдық, — деп бастады өз әңгімесін Ләзиз. Кезекшілік қызметте болғаннан соң жан-жақтан қоңыраулар түседі, жауаптар беріліп, болған оқиғалар бойынша полицейлерді бағыттап тиісті жұмыстарымызды екеуміз де орындап отырған болатынбыз. Бір сәтте қателеспесем кешкі сағат 21:00-ден асқан уақытта Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» «call» орталығының қызметкерінен шұғыл хабарлама түседі. Онда жергілікті тұрғын облыстық жедел жәрдемнің «Call» орталығына хабарласып, «Менің есімім Анарбай Рақымов (жалған есімді айтқан) ғимараттарыңның алдына бомба қойдым, пульті менің қолымда. Қаласам жарып жіберемін!» деген сөздерді айтады да тұтқаны қоя салған. Дүрліккен жедел жәрдем орталығы ұялы телефонмен хабарласқан ер азаматтың айтқандарын бірден 102-ге мәлімдеген. Ер азаматтың облыс аумағындағы нақты қай жедел жәрдем орталығына бомба қойғанын ешкім дәл сол сәтте дөп басып айта алмайды. Өйткені хабарласқан азамат артық мәлімет айтпаған. Мүмкін оған керегі де сол болған шығар. Барлығымыз дүрліктік. Бірден басшылыққа мәлімдеп, жеке құрамның барлығын жұмылдырдық. Облыстағы полицейлерге өз аумақтарында орналасқан жедел жәрдем ғимараттарына тексеру жүргізулерін тапсырдық. Ал бұл сәтте хабарласқан адамның қайдан қоңырау шалғанын және оның нақты түр-тұлғасын тәжірибелі қызметкерлеріміз анықтап жатқан болатын. Алайда біздің уақыт жоғалтуымызға болмайды. Екінші жақтан қызметімізді тоқтатпауымыз керек. Себебі бомба жарылып, адам қаза болатын болса бұл еліміз үшін орны толмас қайғы болар еді. Салдарын елестетудің өзі ауыр. Осылайша Түркістан облысындағы бірінші қоңырау түскен аумақты, яғни «call» орталықты қоршауға алдық. Ұлттық қауіпсіздіктің қызметкерлері, саперлер, полицейлер мен басшылық барлығы аяғынан тік тұрды. Әр сала маманы өзіне тиесілі жұмысты атқарды. Ол орталықтағы қызметкерлер де сыртқа шығарылды. Бомбаны анықтау жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Бес сағаттан соң тексерулер аяқталды. Бағымызға орай ешқандай жарылғыш зат қойылмаған болып шықты. Яғни ақпар жалған екен. Осындай жұмыстар атқарылып жатқанда жедел уәкілдер күдіктіні тапты. Ол орташа мас халде болған Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Басқа да мамандардың жұмысы сол жерден аяқталғанымен, біздің жұмыс одан сайын қыза түсті. Себебі полицейлер одан әрі қарай күдіктіге қатысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізу керек болатын. Сағат түнгі 1:00-ден асты. Күдікті өз үйінен ұсталып, қамауға алынды. Жетісай аудандық полиция бөліміне бағыт беріліп, қылмыстық іс тіркеуге алынды. Осыдан соң сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша ер азаматтың жұртты дүрліктіру мақсатында айтқан өзінің дауысы екені расталды. Тергеушілер оның кінәсін нақты дәлелдегеннен соң істі сотқа жолдады. Яғни сот үкімімен күдікті ҚР ҚК-нің 273- бабында (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды»,- деп аяқтады әңгімесін кезекші полицей Ләзиз.

Міне, тәртіп сақшыларының өткен жаңа жыл мерекесі осындай оқиғасымен есте қалған. Ал биылғы жаңа жылда не болар екен? Бұл келер уақыттың еншісінде. Десек те қандай оқиға орын алса да жақсылыққа толы болғай!