Биылғы жылы ҚР Мемлекеттік Әнұраның авторы, Қазақ вальсінің королы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуда. Қазақ даласын ән бесігінде тербеткен дала дарынының мерейтойы Түркістан облысында кең көлемде атап өтілуде.
Осыған орай, Шәмші әлемін кеңінен насихаттау, замандастары мен өнердегі ізбасарларын композитордың туған топырағына шақыру мақсатында Алматы қаласынан жолға шыққан республикалық зиялы қауым өкілдері мінген «Ш.Қалдаяқов» поезды тоғыз жолдың торабы саналған Арыс қаласына аялдады. Құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, танымал журналистер, Шәмшінің замандастары мен туыстары бар рухани керуен алдымен Арыс қаласының темір жол вокзалының жұмысымен танысты. Қонақтарды Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек күтіп алып, Шәмші әнге қосқан Арыс жағасындағы ажарлы қаланың бүгінгі келбетімен таныстырды.
Содан кейін Көпен Әмірбек, Тілеуберді Бинаш, Әселхан Қалыбекова Қазыбек Иса, Құрманбек Оңалбек, Әлібек Шегебай сынды өнер майталмандары бастаған делегация Шәмшінің туған ауылына аттанды. Қонақтар алдымен Ш.Қалдаяқов ауылындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, «Отырар» халық театры әртістерінің орындауындағы «Шәмші» қойылымын тамашалады. Таяуда ғана композитордың мерейтойына орай ашылған Ш.Қалдаяқовтың музейімен танысқан қонақтар Шәмші жайлы естеліктері мен әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Арыстан баб кесенесіне зиярат жасаған делегация өкілдері Ш.Қалдаяқов ескерткішінің ашылу салтанатына қатыу үшін Түркістан қаласына аттанды.