Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандары Әл-Фараби ауданы Қазыбек би көшесі, 27 А жер теліміндегі құрылыс нысанына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлік нысан қаладағы тарихи білім ордасы – М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы жанынан салынған.

Жеке кәсіпкер құрылыс жұмыстарын Заңға қайшы, яғни құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарды бұза отырып жүргізгені анықталды. Аталған жер телімі шағын кәсіпкерлік субъектісіне жатады.

Басқарма мамандары тарапынан кәсіпкерге заң талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде өз есебінен құрылыс нысанын ерікті бұзуға шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта нысанды бұзу (демонтаж) жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аталған жер телімін Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына Қазақстан Республикасы жер Кодексі талаптарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін алуға ұсыныс хат жолданған.

Айта кетсек, бүгінде қаладағы заңсыз құрылыстар қатаң бақылауда.