Күрделі жөндеуден кейін №2 аурухана қаланың бас ауруханасы болады

123

 

Ауруханада инсульт орталығы мен нейрожарақат бөлімшелері мен компьютерлік томограф, соңғы үлгідегі ангиограф құрал-жабдығын орнатып, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ендіру жоспарланған. Бұл құрылғылар нейрохирургия, кардиология, онкохирургияда жаңа әдістермен емдеу үшін қажет.

Қазіргі таңда әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Даму жоспары бойынша 12 бөлім медициналық қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, аллерго – пульмонология, нефрология, гастроэнтерология және гематологиялық бөлім, ревматология, кардиология, неврология мен неврология науқастарын оңалту бөлімі, хирургия, перзентхананың физиология бөлімі, оның ішінде жүкті әйелдер мен нәрестелер потологиясы және гинекология бөлімдері үшін арнайы төсек-орындар қарастырылған.

Медициналық мекемеде 262 дәрігер, 572 орта буын және 204 кіші буын медицина қызметкерлері мен 124 техникалық қызметкерлер жұмыс істейді.

Аурухана жанынан ашылатын емхана бөлімінде күндіз 500 ересек пен 200 баланы қабылдай алады. Бүгінде емханаға 50 171 адам тіркелген.

Сонымен қатар, ауруханадағы перзентхана бөлімін перинаталды орталық деңгейіне көтеру жоспарланып отыр.