Төбелесіп қалған шымкенттік қос полицей лауазымынан босатылды. Олардың жаға жыртысып жатқан сәті видеоға түсіп қалған.
Оқиға кеше түнгі сағат 01:00 шамасында қаланың орталық көшесінде орналасқан полиция бекетінде болған. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнеде олардың нені бөлісе алмағандары белгісіз.
Екі тәртіп сақшысының жаға ұстасқан кезін әлдекімдер телефонға түсіріп алған. Бекет ішіндегінің барлығы анық көрініп тұр. Әлдебір сөздерді айтып, қызметтік формаларынан ұстап жұлқыласып жатқан жерден видео үзіліп кетеді.
Погондағылар жаға жыртысқан бекетке де бардық. Қазір ол жерде таңертең кезекшілікті қабылдап алған басқа екі полицей жұмыстарын жалғастыруда. Ол видео жайлы ештеңе білмейтіндерін айтты. Ал, полиция департаментінің өкілдері бұл оқиғадан кейін тексеріс болып, қос қызметкердің ісін тәртіптік кеңесте қараған.
Бір-біріне нағашы-жиен әріптестер, жәй ғана алысып ойнапты-мыс. Алайда, полиция имиджіне нұқсан келтіргені үшін олар қызметтен шеттетіліп, резервке қойылған.
Олжас Айдарбек