«Жастар практикасымен» 2953 жас жұмысқа жолданды

136

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының орындалуы туралы Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаевамен сұхбат.

 

— Ақмарал Пернебекқызы, халықты нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту қалай жүзеге асырылуда?

— Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарлама бар. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» деп аталады. Аталған бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.

— Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша өткен жылы қанша адам оқудан өтті және аталған оқудың қандай ерекшеліктері бар? Оқуға ниет білдірген азаматтарға қандай талаптар қойылады?

— Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында жүзеге асырылады.

Өткен жылы 1196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өтсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2000 адам жолданып, 1990 азамат оқуын бітіріп, сертификаттарын алды.

Нәтижесінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан кейін 1394 адам жұмыспен қамтылды.
Қазіргі таңда түрлі себептермен жұмыссыз қалған немесе өз қызмет саласын өзгертуді жоспарлап жүрген азаматтар жоқ емес. Осындай азаматтарға кәсіптік білім алу ертеңгі күні жұмыс табуына, кәсібін бастауына зор мүмкіндік береді. Оқу тегін. Айына 16 мың теңгеден астам шәкіртақы төленеді. Оқуын тәмамдаған азаматқа біліктілік сертификаты табысталады. Сол сертификат арқылы азамат мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6%-дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады.

Жалпы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жұмыспен қамту орталығына жұмссыз ретінде тіркелген 18 жастан зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Ал, студенттер қатыстырылмайды.

— Қандай құжаттар өткізетінін тілге тиек ете кетсеңіз?

— Курсқа қатысуға ниет білдірушілер өтініш, жеке куәлігінің көшірмесін, білімін растайтын құжаттардың көшірмесін (диплом, сертификат, аттестат, куәлік), еңбек кітапшасының көшірмесін (бар болған жағдайда), 086 нысандағы медициналық анықтама және Jusan bank-тен 20 сандық банк шотын орталыққа келіп өткізеді.

— Өткен жылы қанша адам мемлекеттік грантқа ие болды?

— Жалпы, мемлекеттік гранттың өзі жұмыссыздықпен күресу шараларына жатады. Мәселен, бір азамат орталыққа келіп жұмыссыз ретінде тіркелді делік. Ол адамның кәсіп бастаймын деген ниеті болса «Бастау бизнес» жобасына қатысып немесе қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуіне толық мүмкіндігі бар. Тиісті оқуын аяқтаған соң сертификатын алып, бизнес-жоспарын дайындап мемлекеттік грантқа құжат өткізе алады. Аталған грантты жеңіп алған соң кәсібін бастап, жеке кәсіпкер атанады.

Өткен жылы 7722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысты. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал, «Бастау бизнес» жобасына 2820 адам жолданып, оқытылды.

— Жалпы, орталық жұмыссыз азаматтарға екі қолға бір күрек табуға қаншалықты көмектесіп жатыр?

— Жалпы, жұмыссыздықпен күрес процесі тоқтамау керек және орталық мамандары жұмыссыз азаматтарға екі қолға бір күрек тауып беруге тырысуда.

Мәселен, өткен жылы 2953 жасты «Жастар практикасымен» жұмысқа жолдасақ, 5329 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданды. Ал, әлуметтік жұмыс орындарына 356 адам жіберілді. Бұл тұрғыда жылдық жоспарымыз артығымен орындалды.

Жаңа жұмыс орындарына 2806 азаматқа жолдама берілді.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы қаламызда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып, қыруар жұмыстар атқарылды. Аталған бағдарлама аясында 8000 мыңнан адамды жұмыспен қамту керек болса, орталық арқылы 4776 адам қамтылды.