Жетінші шақырылымдағы Түркістан облысы мәслихатының бірінші сессиясы өтті.

Жаңа сайланған депутаттар хатшы қызметіне әріптестері Қайрат Балабиевті бірауыздан сайлады. Сонымен қатар, облыс мәслихатындағы бес тұрақты комиссияның құрамы бекітіліп, төрағалары сайланды.

Басқосу Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының сайлаудың қорытындысы бойынша жетінші шақырылымдағы облыс мәслихатында мандатқа ие болған саяси партиялардың үлесі жайлы мәліметімен бастауын алды.

Облыс мәслихатының жаңа құрамы өткен шақырылыммен салыстырғанда бес депутатқа кеміп, 45 халық қалаулысын құрады. Сайлаудың нәтижесі бойынша «Нұр Отан» партиясы 37 мандатқа ие болса,» Ауыл» мен «Ақ жол» саяси партияларының әр қайсысы 4 мандаттан иеленді. Халықтың қалаулыларына салтанатты түрде депутаттық куәлік пен төсбелгі табыс етілді.

Ұйымдастыру мәселелері жетінші шақырылымдағы облыс мәслихатының бірінші сессиясымен жалғасын тапты. Жаңадан сайланған депутаттардың қарауына бес мәселе ұсынылды. Олардың алғашқысы облыс мәслихатының хатшысын сайлау. Бұл қызметке Қайрат Балабиевтің кандидатурасы бір ауыздан мақұлданды.

Кейін тұрақты комиссиялардың құрамы және төрағалары бекітілді. Облыс мәслихатының кәсіпкерлікті, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы «мақсат бір – халықтың әлеуетін көтеру», – дейді.
Анарбек Орман, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты: «Біздің бағдарламамызда халықтың тұрмысын жақсартуға ұсыныстарымыз бар. Олардың бірі – кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестің дамуына қолдау жасау. Қағазбастылықтан арылып, нақты жеңілдіктерді ұсыну».

Айта кететін жәйт, облыс мәслихаты құрамына тоқталсақ, 45 депутаттың 12-сі қайта сайланған депутаттар, 11-і әйел азаматы, ал ең жас депутат – 24-те.

Жаңаланған құрамда депутаттар корпусы халықтың мұң-мұқтажын шешуге, өңірдің дамуына білек сыбана ат салысамыз деп құлышынып отыр.

«Ауыр жұмыстағы әйелдерді жасын 53-ке төмендетіп, азық – түлікпен қамту, инфрақұрылым мәселелерін, жалпы халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал жасау – басты мақсатымыз»,-дейді Түркістан облыстық мәслихатының депутатығына «Ауыл» саяси партиясынан сайланған Төрегелді ҚАЛМҰРАТОВ.

Ғалымжан ЕЛШІБАЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты: «Сайлауалды бағдарламадағы сайлаушыларға берген уәделерімізді орындап, партияның беделін түсірмей халыққа қызмет етуіміз керек».

Жетінші шақырылымдағы облыс мәслихатының кезекті сесссиясының төрағасы болып Әбішев Нұралы сайланды.

Шынар Оразова