1 шақырым жол жүрсеңіз, 1 теңге төлейсіз…

89

1 шақырым жүрсеңіз, 1 теңге төлейсіз.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Қызылорда» тасжолы учаскесіне ақылы төлем жүйесін енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Бұл жүйе алдағы көктемде енгізілмекші екен.

Тараз-Шымкент тасжолының аралығы – 140 шақырым. Қазір бұл бағытта 3 бақылау қақпасы және клиенттермен жұмыс істейтін 1 орталық сынақ режимінде іске қосылған. Бұл жүйе ақылы жолдарда шлагбаум болмауын көздейді екен. Автокөліктердің мемлекеттік нөмірін тіркеу, жүріп өткен жолын есептеп, ақы алудың барлығы бақылау қақпасына бекітілген арнайы камералар арқылы орындалмақ.

Нұржан БЕКОВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары: «Шымкент- Тараз» және «Шымкент- Қызылорда» бағытындағы автомобиль жолымен жүргенде жол ақысы төленеді. Сомасы еліміздегі енгізілген төрт бағыттағы ашық жүйеге сәйкес, бір шақырымға — 1 теңге. І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы мен оған теңестірілген, Ауған соғысы ардагерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақылы жол үшін ақы төлеуден босату жоспарланған.

Қоғамдық тыңдауға қоғам белсенділері де қатысты. Оларды «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің Түлкібас ауданы аумағынан өтетін бөлігі алаңдатады екен.

Бауыржан ИСАЛИЕВ, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасының Қызылорда және Түркістан облысы бойынша қоғамдық мониторинг тобы жетекшісі: «Күре жол дәл Шақпақ баба ауылы арқылы өтеді. Бұл техникалық санатқа қайшы, есесіне туннельдің құрылысы әлі аяқталмаған. Салдарынан жауын жауса осындағы тұрғындардың үйі мен ауласын су басып әбігерге салуда. Біз осы жағдайға қатысты Вашингтондағы Бүкіләлемдікбанктің инспекциялық кеңсесіне арыз жолдадық. Шағымның қабылданғаны жөнінде хабарландыру алдық. Бұл инвестициялық жоба болғандықтан оны жүзеге асыруда адамдар зардап шексе ол толық өтелуі тиіс. Қазіргі таңда 8 үйдің бір иесі ғана шығыны өтелген. Бұл аралық ақылы болады ма?».

Аталған учаскеде құрылысты аяқтау келер жылға жоспарланыпты. Компания өкілдері, сондықтан әзірге жол ақылы емес екенін айтты. Әйткенмен, ақылы жол Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас ауданы және Шымкент аумағы арқылы өтеді. Жерлестеріміз жолға ақы төлеуді әрқалай қабылдады.

Жүргізушілердің бірі «Халықтың жағдайы әлі келмейді. Оған қоса карантин бар», десе, енді бірі «Ақылы болғаны дұрыс қой, жолдар жақсы, үкімет шығындалды, соны қайтару керек», дейді. Енді бірі «Тегін болғаны дұрыс қой», -дейді.

Қызылорда бағытына жиі қатынайтын жүргізушілер «жол ақылы болса, онда сапасы, қызмет көрсету сервисті жоғары деңгейде болу керек деп есептейді. Жолдың Арыс өзенінен өтетін бөлігіндегі кемшіліктер басқа да жол бөлігінде кездесіп, жиі-жиі жөнделетін болса, мұндай жолға ақы төлеу қалай болмақ», деп отыр.

Айтпақшы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізіне қатысты қоғамдық тыңдаулар бұған дейін де болған. Ол кезде халықаралық жолдың жарықтандырылуы, елдімекендер тұсына бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолы мен малдың өтуіне тоқсауыл болатын кедергілер орнату мәселесі көтерілген.

Шынар Оразова