101 жастағы әжейдің жүрегіне ота жасалды

127

Шымкентте ғасыр жасаған әжейдің жүрегіне имплантация қойылды. Ақ халаттылар қаланың кардиология орталығында бұрын-соңды мұндай тәжірибе болмағанын айтады.

Жүрек қағысы 60-қа дейін түскен қарт әжейдің қазіргі жағдайы тәуір. Дәрігерлер сөзінше соңғы жылдары жүрегінде ақауы бар жандар көбейіп барады.

Ғасыр жасаған шымкенттік Варвара Толоконникова 4 күн бұрын ғана ауыр операциядан шықты. Жүрек қағысы 60-қа дейін төмендеген ол ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Өмірі қыл үстінде жатқан оған шұғыл түрде операция жасалыпты. Бүгінде электрокардиостимулятор имплантациясымен жүрегі жиі соға бастаған.


Варвара ТОЛОКОННИКОВА, науқас: «Өзімді өте нашар сезіндім. Тәбетім құрып, ас батпай қалды. Әне-міне өлем бе деп жаттым. Ал, отадан кейін бәрі өзгерді. Тәбетім де ашылып, тамақ та ішіп алдым».


Дәрігерлер сөзінше, Шымкентте соңғы жылдары жүрек қағысына шағымданатындар көбейген. Сондықтан да электрокардиостимулятор имплантациясына байланғандар қарасы азаймай тұр. Осылай деген ақ халаттылар жүрек қағысын реттейін қондырғының бұрын-соңды 100 жасаған тұрғынға қойылмағанын айтады.


Азат ТҰРСЫНБЕКОВ, Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың дәрігері: «101 жастағы науқасқа электрокардиостимулятор имплантациясын бірінші рет жасап жатырмыз біздің тәжірибеде. 95-96 жасар апалар-аталарға жасағанбыз. Айта кетерлік жағдай, науқастардың жасы ұлғайған сайын олардың тіндері де өте нәзік болып келеді. Сондықтан өте нәзік жұмыс істеуіміз керек».

Отадан жуырда ғана шыққан қарт әжей күні ертең өз үйіне қайтады. Ал, оған қондырылған аппарат 10 жылға дейін қызмет атқарады дейді дәрігерлер.

Назерке Үкібасова