Шымкент қаласында 1 наурыздан бастап «Ozim Scooters» компаниясы әкімдікпен бірлесе скутер-шеринг жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Осыған орай, бүгін «Арбат» демалыс аймағында аталған жоба көпшілікке таныстырылды.

Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомовиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаевтың айтуынша, бірінші кезеңде 300 скутерді іске қосу жоспарлануда және қаланың әртүрлі бөліктерінде орналасқан 30 бекет ашылады.

Жобаны жүзеге асыру үшін қалаға 127 млн теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Сондай-ақ тұрақты 20 жұмыс орны ашылмақ.

– Қауіпсіздікті сақтау мақсатында скутерлердің жылдамдығы сағатына 25 км дейін шектелген. Скутерлерді 18 жасқа толмаған адамдарға пайдалануға тыйым салынады. Егер тексеру кезінде қолданушының кәмелет жасқа толмағаны анықталса, онда бұл қолданушы бұғатталады, – деді «Ozim Scoteer sharing» жобасының Шымкент қаласындағы өкілі Мұрат Миркемелов.

Бұл жоба әлемдік деңгейде кеңінен таралып келеді. Бүгінде Орта Азиядағы елдер ішінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылуда. Бұған дейін аталған жоба Алматы қаласында іске қосылған болатын. Экологиялық таза, барлық скутерлер батареямен жұмыс істейтін электр қозғалтқыштарымен жабдықталған.

Қызметті пайдалану үшін OZIM мобильді қосымшасына тіркелу керек. Ол үшін ең алдымен App Store немесе Play Market-тен қосымшаны жүктеп алу қажет. Тіркелу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың алдыңғы жағын суретке түсіріп және құжатпен бірге суретке түсуі (селфи) тиіс.

Айта кетейік, электрскутерді алдын ала жалдау бағасы 1 минутына – 30 теңге, сондай-ақ абонементтер апталық және айлық болып қарастырылған.